Үкімет жұмыссыз жастарды қолдайтын тиісті қаулыны қабылдады
Елімізде NEET санатындағы кәсіптік білімі жоқ және жұмыссыз жүрген жастарды қолдау күшейтіледі, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Жұмысқа орналастыру бойынша белсенді көмек көрсетіліп, өзге де қолдау шаралары қолға алынады. Үкімет мемлекеттік жастар саясатын күшейту аясында тиісті қаулы қабылдады.
Құжат «білімі жоқ және жұмыссыз» жастармен (NEET санаты) нақты жұмыс жүргізетін бірқатар орталық мемлекеттік органның құзыретін айқындайды. Осылайша, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне уақытша жұмыссыз қалған жастардың жұмысқа орналасуына көмектесу, сондай-ақ жастарды жұмыспен қамту бойынша мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыстың орындалуын бақылау жүктелді. Ал Мәдениет және спорт министрлігі жастардың бос уақытын ұйымдастыруға бағытталған мәдени және т. б. іс-шаралар кешенін жүзеге асырады.
Бұдан бөлек, Қаулыда жастармен жұмыс істейтін мамандардың біліктілік сипаттамасын, жастар еңбек жасақтарын құру ережелерін, сондай-ақ жастарды дамыту индексін енгізу қағидаларын бекітуге мүмкіндіктер жасалған.
Бүгінде республикада NEET санатындағы жастардың үлесі – 6,3%. Бұл – Ресей, Ұлыбритания, АҚШ, Италия және басқа да елдердегі жағдаймен салыстырғанда төмен көрсеткіш.
Қазақстан Үкіметі NEET санатындағы жастар үлесін азайту мақсатында әлеуметтік қолдау, білім алуға және жұмысқа орналасуға көмек көрсету бойынша жүйелі шаралар қабылдап жатыр.
Қазіргі қоғамда NEET санатындағы жастар тобы бар. Бұл ұғым кейінгі жылдары көбірек айтылғанмен, ондай жастардың бұрыннан бар екені жасырын емес. Сонымен NEET жастар деген кімдер?
Ғылымда NEET термині ағылшын тіліндегі "Not in Empoloyment. Education or Training" ұғымының бас әріптерінен құралған. Қазақ тіліне аударсақ "не жұмыс істемейтін, не оқымайтын, не өзге де істермен айналыспайтын адам" дегенді білдіреді.
NEET жастар – XX ғасырдың соңына қарай пайда болған мәселе. Бұл мәселені Ұлыбритания алғаш болып көтерген. Ал жастардың әлеуметтік әлсіз топтарына арналған мемлекеттік сараптаумен Бүкілелемдік банк айналыса бастауы, мұның әлемдік деңгейдегі күрделеніп кеткен мәселе екенін көрсетіп отыр.
Бүгінгі таңда елімізде NEET санатындағы 237 мың жас оқу да оқымайды, жұмыс та істемейді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйек айындағы өз Жолдауында айтты. Ал жақында жұрт назарына ұсынылған "Ұлттық рухани жаңғыру" жобасында осы санаттағы жастардың үлесін 5%-ға дейін төмендету міндеті қойылып отыр.
Осыған дейін ҚР Қоғамдық даму министрлігінің ұсынысы бойынша Қазақстандағы NEET жастар 7 санатқа бөлінді:
1. білімі, белгілі тәжірибелік дағдылары бар, бірақ оқуды және жұмыс істеуді жалғастыруды қаламайтын біреудің асырауындағы адамдар;
2. жасөспірім балалары бар жас келіншектер және жалғыз басты аналар, соның ішінде ерте ана болған жас келіншектер;
3. еркін табыс табуды қалайтын, кездейсоқ жұмыстар арқылы ақша табатын фрилансерлер;
4. білімі нашар, біліктілігі және тәжірибесі жоқ, қосалқы шаруашылыққа жұмылдырылған ауыл жастары;
5. оқуды жалғастыруды қалайтын, бірақ мүмкіндігі жоқ күнкөрісі төмен отбасыдан шыққан мектептің түлектері, жетімдер;
6. денсаулығы нашарлығынан жұмысқа орналасуда қиындықтары бар мүмкіндігі шектеулі адамдар;
7. бас бостандығынан шектеу орындарынан босап шыққан, есірткілік және алкогольдік тәуелділігі бар, оңалтудан өткен жастардың бейәлеуметтік тобы.
NEET жастардың пайда болу себебін объективті, субъективті және жеке тұлғалық тұрғыдан қарастыруға болады. Ең басты әсер ететін фактор – өскен ортасы, отбасы, қоғам, достар, туысқандар. Сонымен қатар көп жағдайда ата-ана балаларын тым сезімталдықпен өсіреді. Баланың өз бетімен қимылдауына мүмкіндік бермейді. Тұрмыстық жағдай болса да бала оны өзі жасаса немесе ата-ана баламен бірге отырып орындаса, бала кез келген нәрсенің қадірін біліп өседі және жауапкершілік сезінгеннен кейін қоғамдық өмірге жеңіл жол түзей алады.