Президент Солтүстік Қазақстан облысының эвакуацияланған тұрғындарымен кездесті
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Қазақстан облысының су басқан аумағын тікұшақпен аралап көргеннен кейін қарғын су салдарынан эвакуацияланған аудандардың халқымен кездесті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Тұрғындармен әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев шығындарды өтеу үшін мемлекет барлық тиісті шараны қабылдайтынын айтты. Қазіргі уақытта су тасқынынан зардап шеккен барлық тұрғынға бірреттік көмек беріліп жатыр және комиссия мүлік шығындарын есептегеннен кейін өтемақы төленеді. Тұрғын үйі жарамсыз азаматтарға жаңа баспана салынады және барлық қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар зардап шеккен тұрғындардың несиелері мен займдарын төлеу мерзімі шегеріледі.
Мемлекет басшысы ешбір азамат назардан тыс қалмайтынын атап өтті.
Мемлекет басшысы еліміздің бірқатар өңіріндегі су тасқынына байланысты қалыптасқан күрделі жағдайды ескере отырып, сондай-ақ бюджет қаржысын үнемдеу мақсатында Үкіметке, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға имидждік және басқа да ірі іс-шараларды өткізбеу жөнінде тапсырма берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев барлық мемлекеттік органға су тасқыны салдарынан сабақ алуы керек екенін айтты.