Депутаттар медициналық сақтандыру қорындағы қаражатты тексеруді ұсынды
Мәжіліс депутаты Гүлдана Нұрымова Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорындағы ақшаның игерілуіне ішкі және сыртқы аудит жүргізуді ұсынды, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Stan.kz ке сілтеме жасап.
Осы туралы сауалдарымызға Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен тарифтер медициналық қызмет көрсетуге байланысты барлық шығындарды толығымен жабатыны туралы айтылған жауап келді. Бірақ ол жауапта жаңа тарифтердің калькуляциясы ұсынылмаған.
2022 жылға арналған Денсаулық сақтау шығыстарының көлемі 2021 жылы бекітілгеніне қарамастан, медициналық қызметтердің тарифі 2022 жылдың наурыз айында ғана бекітілді. Яғни, биылғы тарифтер былтыр бөлінген бюджетке қарап отырып, белгілей салған сияқты", - деді депутат.
Мәжіліс депутаты бұл уәжіне мысал да келтірді.
Айтуынша, осындай саяаттың салдарынан бөлініп жатқан қаражаттың 80%-ы тек жалақыға жұмсалады.
"Әрине, медициналық ұйымдардың дамуына, заманауи жабдықтар сатып алуға немесе жөндеуге қаражаты жоқ.
Медицина қызметкерлері екі оттың ортасында қалып отыр. Бір жағада өздеріне тиесілі сапалы медициналық көмек талап ететін сақтандырылған азаматтар, ал екінші жағада қаржыландыру жоспарынан аспауды талап ететін және айыппұл салатын әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры ентелеп тұр.
Өңірлерден қаржыландырудың жетіспеушілігінен клиникаларда жоспарлы емдеуге жатқызу кезегі ұзарып кеткен. Мысалы, Алматы қаласында жоспарлы емделуге кезегі 2023 жылдың наурызына дейін қалыптасып қойған",-деген депутат бірнеше ұсыныс айтты. Олар:
- Медициналық ұйымдардың қаржы тапшылығын шұғыл шешу;
- Бюджет пен тарифтерді бүкіл үстемеақыларға (жалақыны көтеру, біліктілік санаттары үшін төлемдер, бағаның өсуі және т. б.) сәйкес жоспарлау және жаңа қаржы жылы басталғанға дейін тарифтерді қайта қарау;
- Денсаулық сақтау министрлігі мен Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының бюджетті ұтымды бөлуіне ішкі және сыртқы аудит жүргізу.