Нұр-Сұлтанда коронавирустың "үнді" штамына байланысты карантин күшейтілуі мүмкін.
Үкімет басшысы Асқар Мамин коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізіп, елордада санитарлық талаптарды күшейтуді тапсырды.
Мамин Нұр-Сұлтан қаласы әлі "қызыл" аймақта екенін, вирус жұқтырғандар саны азаймай тұрғанын айтты. Оның сөзінше, бұл елордада қабылданып жатқан шаралардың жеткіліксіз екенін және вакцина салу қарқыны төмен екенін көрсетеді. "Өздеріңізге белгілі, елордада коронавирустың "Дельта" штаммына тән мутацияның ықтималдығы анықталып отыр. Оның таралу жылдамдығы өте жоғары, жылдам өршиді және салдары анағұрлым ауыр. Осы ретте бүгін Ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізуді және Нұр-Сұлтан қаласында санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаңдату бойынша шараларды қабылдауды тапсырамын", - деді ол үкімет отырысында. Премьер-министр Қазақстанда жағдай қалыпты болғанымен, көрші елдерде ахуал күрделі екенін атап өтті. Сол себепті ол мемлекеттік шекарада бақылауды күшейтуді тапсырды.