ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ АНА: ТОҚАЕВПЕН КЕЗДЕССЕМ ЕКІ-АҚ ӨТІНІШІМДІ АЙТАМЫН
Қызылорда қаласындағы көпбалалы және жалғызбасты аналар мемлекет басшысының сыр еліне келуін асыға күтуде, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Тілшімізбен тілдескен Қызылорда қаласына қарасты Тасбөгет кентінің тұрғыны Аманова Гүлжазира Оразалиевна өзінің мұңын шағып, соңғы үміті ел президентінде екенін жеткізді. Күнкөрісінің қиындағанымен қоса денсаулығының да сыр бергенін тілге тиек еткен жалғызбасты ана жергілікті биліктен көңілі қалғанын айтады. Егерде президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездессе екі-ақ өтінішімді айтамын дейді.
«... Тоқаевпен кездессем, екі-ақ өтініш айтамын. Біріншісі времянка болса да баспана беруді сұраймын. Өмір бойы сонда тұрар едім. Екінші денсаулығыма байланысты емделу мен мүгедектікке шығару.» - дейді ашынған ана.
Бала шағасын асыраймын деп талай шендінің табалдырығын тоздырған ана жергілікті әкімдікте құйтырқылық көп деп санайды. Оның айтуынша тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсетуді үйлестіретін бөлім бір-екі рет берген көмекті басшыларға он рет берілді деп есеп беретін көрінеді. Тапқан табысым күнкөріске жетпейді дейді.
Көз жасына ерік берген анамен сұхбаттасып тұрғанымызда, сол ауданның өзге де аналары келіп мұң-мұқтаждықтарын айтып шағымданды. Тіпті апатты деп танылған үйлерді амалсыз паналап жүрген тұрғындар, билікке шағым айтсақ бұл үйімізден де айырылып қаламыз деп қорқады. Барар жер, басар тауы қалмаған аналардың далада жүргеннен апатты үйді сүрілгенше паналап отырғанды жөн санайды.
Шағымданған аналардың мәселесі бойынша жергілікті атқа мінерлерге хабарласқанымызда:
«2022-2023 осы жыл аралықтарында тұрақты көмек көрсетілуде. 2022 жылы Ораза, Құрбан айт мерекелерінде азық-түлік себеттері берілді. «Құдыс Ишан» мешітінен азық-түлік берілді (ұн,май,қант,шәй т.б). Денсаулығына қажетті дәрі-дәрмектер алынып, демеушілік тараптан 25 000 теңге көлемінде қаржылай көмек берілді. Тізім бойынша «Бақытты отбасыдан» азық-түліктер берілді. Балалары «Жасыл Шырша» мерекесіне, жаз мезгілінде ұйымдастырылған шараларға қатыстырылды, осы оқу жылына оқуға қажетті құралдары мен сөмке берілді. Атаулы әлеуметтік көмек алады, көше тазалығына қоғамдық жұмыспен қамтылған. "Мектепке жол" акциясымен және облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы тарапынан да көмек берілген. », - деп жауап берді қала әкімінің өкілдері.
Алайда жергілікті биліктің уәдесіне тойдық деген тұрғындар, бар үмітіміз мемлекет басшысында деп санайды.