СЫРДАРИЯ ӨЗЕНІ АРНАСЫН ТАЗАЛАУҒА «5 МЛРД» ТЕҢГЕ БӨЛІНГЕН

5 141

Сырдария өзенінің арнасын тазалау үшін 5 млрд теңге бөлінген, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі. 


Бұл туралы Қызылордалық желі қолданушысы, белсенді азамат Серик Тенизбаев өзінің Facebook парақшасында жариялаған болатын.


«Иә, бірақ... Енді бес миллиард теңге жоқ – мемлекет Сырдария өзенінің арнасын тазалауға осы соманы бөлді. Дарияның түбінен алынған 4 миллион текше метр құм қайда кетті? Көлемі бойынша бұл шамамен 300 000 автокөлікті құрайды. Екінші суретке қарағанда, құм орнында қалды, бірақ ақша діттеген жеріне жетті. Осы жобаға қатысы бар Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің жауапты тұлғаларын атқарылған жұмыстар бойынша нақты түсіндірмелер мен есептерді беруге шақырамын. Бөлінген қаржының қалай игерілгенін, неге нәтиже шықпағанын жұртшылық білуге құқылы» - деп жазды Серик Тенизбаев. 



Еске сала кетсек, 2020 жылы облысымыздың экс-әкімі  Қуанышбек Досмайылұлы су торабының бөгетін су шайып, оның толықтай қирауына қауіп төнгенін атап өтті. Жиында облыс орталығы шегінде Сырдария өзенінің арнасын тазалауды қаржыландыру мәселесін шешуге қол жеткізілгенін мәлімдеді.


Жобаның негізгі мақсаты – жер снарядын пайдалана отырып, Қызылорда қаласының шегіндегі Сырдария өзенінің 8,9 шақырым арнасын тазарту. 2020 жылдың қазан айында басталған жобаның іске асырылу мерзімі 3 жыл.


Нысанның басында жалпы 17 құрылыс техникасы жұмыс атқарып, оның ішінде 3 құмды соратын жер снаряды, 9 экскаватор, 2 погрузчик және 3 бульдозер қызмет етуде деп баспасөз өкілдері жарыса жазғаны да жасырын емес.


Мердігер «Павлодар өзен порты» АҚ  бекітіліп, жұмыстың атқарылу барысын үнемі бақылауда ұстау облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы мен басқармаға қарасты жұмылдыру және шұғыл жұмыстар орталығына жүктелген болатын. 


Құны 5 млрд теңге болатын жоба іске асқанда, өзен арнасының 9 шақырымындай  тазалануға тиіс болатын. Алайда «баяғы жартас сол жартас демекші» Сырдың жағасында көмкерілген құмдарды аңғаруға болады. Республикалық бюджет тарапынан қарастырылып, мерзімі 3 жылдан 5 жылға ұзартылғаны белгілі болды.


Ал желі қолданушылары түрлі сыни пікірлер жазуда

Қайрат Шалтақбаев:

«Сонымен қатар облысымызға бесінші класты екі экскаватор сатып  алынды. Олар өзен арнасын тазарту жұмыстарын жүргізу үшін. Алайда олар әкімдік көпіріне де жетпеді. Ал дарияның табанын қазып алынған құмды  мердігер бірнеше миллионға сәтті сатты.»


Болат Нурхожаев:

«Қайыр құм қайта жиналды, плотинамен суды бөгеу салдары... Ақылды елдер өзен арнасын тазартады, ал құмды құрылысқа пайдаланады. Ал, біздің жағдайда жерді тегістеуге болатын еді. Біз тіпті, «Сыр анаға» карьерлерден әкелдік, кейін оны қайтадан көметін боламыз әлі.»


Жұмсалған қаржы мен атқарылған жұмыс нәтижесінің сәйкес келмейтіні көрген жанның бәріне белгілі екені анық. Дегенмен қыруар қаржы мен күтілген нәтижеге кім жауапты?! Осы орайда, жауапты саланың басқарма басшыларынан пікір алу мүмкіндігі болмады. Ең қызығы басқарма әкімдік тарапынан қысқартуға ұшырап, жауаптылар еңбек демалысына енді бірі іс-сапармен кетті деген сытылма жауаппен жылы жабуды жөн санаған болар, жоба 2 жылға ұзартылып, әлі атқарылатын біршама жұмыстардың бар екендігі ғана айқындалды.


Судың да сұрауы бар емес пе?