СЫР ЕЛІНДЕ «ӘЛЕМ ТАНЫҒАН ӘБДІЖӘМІЛ» АТТЫ ЕСКЕ АЛУ КЕШІ ӨТТІ
Бүгін Қызылордадағы «Өнер орталығында» облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдығына арналған «Әлем таныған Әбдіжәміл» атты еске алу кеші өтті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Басқосуға Астана мен Алматы қалаларынан арнайы келген ақын-жазушылар, Арал ауданының делегациясы, зиялы қауым өкілдері, жауапты сала басшылары, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің балалары мен қала тұрғындары қатысты.
Аймақ басшысы әлем әдебиетінің қазынасын толтырған қайраткер қаламгер туралы айтып, абыз ақсақалдың құрметіне арналған шараға шақыртуды қабыл алған қонақтарға өңір халқы атынан риясыз алғысын білдірді.
Сондай-ақ, облыс әкімі қаламгерлердің қарашаңырағы Қазақстан Жазушылар одағының 90 жылдығымен құттықтады.
Жақында ғана Алматы қаласында Қазақстан Жазушылар одағының бастамасымен және «Қазақ ПЕН» клубының ұйымдастыруымен Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-танымдық конференциялар өтті. Конференцияға Мәдениет және ақпарат министрі арнайы қатысып, ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының жеделхатын табыстады. Шетелдік және отандық ғалымдар баяндама оқып, «Біздің Әбе» атты естелік кітаптың тұсауы кесілді, жазушының тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылды.
Қаламгердің туған жері Сыр өңіріндегі «Руханият жылы» аясында жыл бойы тағылымды шаралар өткізіліп, қазан айынан бері «Әлем таныған Әбе» атауымен кешенді рухани-танымдық топтамаларға басымдық берілуде. «Қалам ұшындағы ғалам» атты халықаралық суретшілер симпозиумы, «Теңіз текті тұлға» атты республикалық шығармашылық байқау, естелік кітаптардың жарық көруі, Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханада өткен «Кітап және қаламгер» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы – соның айғағы.
Бүгінгі іс-шарада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «ТҮРКСОЙ» Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің 70 жасына орай ақынға сый-құрмет көрсетілді. Аймақ басшысы «Құрмет грамотасын» табыстап, дәстүрге сай иығына шапан жапты.
Еске алу кешінде арнау айтылып, «Қан мен тер», «Сең» спектакльдерінен үзінді көрсетілді, өңір өнерпаздары жыр шашуын жолдады.
Рухани шаралар ертең қаламгердің туған топырағы Арал ауданында жалғасады.