Қызылорда облысында тозығы жеткен көпірден өту құны - 200теңге

2 644

Қазалы ауданындағы жергілікті кәсіпкер құлағалы тұрған көпірден өту үшін тұрғындардан ақша алуда, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі. 



Қызылорда облысы, Қазалы ауданында Сырдарияның үстінен өтетін «Қарлан» көпірі  өзеннің арғы бетіндегі 11 елді-мекеннің тұрғындарын аудан орталығымен байланыстырып отыр.  Күнделікті қатынайтын тұрғындар қалқымалы көпірден өту үшін 200 теңге төлейді.  


Бұл туралы “Әділдік жолы” РҚБ-нің Қызылорда облыстық филиал басшысы Ляззат Бақтыбаева facebook әлеуметтік желісіндегі өзінің парақшасында жариялады.


Қазалы ауданының әкімдігіне қарасты 8-9 ауылға “Сырдария өзенінің” үстіне орналасқан “Қарлан” көпірінен өту 1 автокөлік үшін 200 теңге… 

Жеке тұлғаның “Каспий” нөміріне қаражат аударылса өтесің, болмаса елмен байланыс жоқ!!! Кімге және не үшін төлем жасалатыны түсініксіз (чек берілмейді)… 

Заңға сәйкес жергілікті әкімдік ауыл ішілік жолды қамтамасыз етуге міндетті… Ал ақы тек жол нормативке сәйкес болған жағдайда ғана АО "НК "ҚазАвтоЖол" белгілеген тарифпен  алынуы тиіс… Қызығы ақылы екені туралыда белгі жоқ!!! 

Көпірдіде көпір деуге келмейді, су бетіне құрылған өткелді сең жүргенде жинап алады мыс… Кімнің бақылауында екені белгісіз!!! Жауапты мекемесі туралы мәлімет көрсетілмеген, сәйкесінше халық қауіпсіздігіне кепілдік берілмеген күнделікті жүздеген көлік өтетін бұл құрылғы үстінде келеңсіз жағдай орын алса, кім жауапты?! 
ХХІ ғасырда өңірімізден ракета ұшырып, алтын, мұнай, уран шығатын өңірде бір заманауи көпір салдыруға не аудан, не облыс басшылығының қауқары болмаған ба әлде ниеті жоқ па?! 

Нұрлыбек Нәлібаев халық қауіпсіздігіне бей-жай қарамайтыныңызды ескере отырып, жаңа көпір салынғанша ақы алушылардың көлеңкелі бизнесіне тосқауыл болуыңызды талап етемін!!!" - деп жазды.

Желідегі жарияланымға аудан әкімдігі былайша жауап қалдырды:


"Қарлан учаскесіндегі қалқымалы көпір жеке кәсіпкер С.Өтегеновке «Мүлік туралы» заң аясында 2020 жылдың 10 қаңтарында №3 келісім шартқа сәйкес сенімгерлік басқаруға 3 жыл мерзімге берілген.
Қалқымалы көпірді күтіп ұстау, жұмысшылардың жалақысы және басқа да шығындар осы мекеменің өз қаражаты есебінен жүргізіліп келеді.

Сонымен қатар, күз және қыс мезгіліндегі сең жүру кезінде пайдаланылатын техникалар мен қажетті құрылғылардың барлығын жұмылдыру жеке кәсіпкерге жүктелген.

Сондықтан, жоғарыдағы көрсетілген жұмыстардың шығынын өтеу мақсатында, кәсіпкер тарапынан көпір өткелінен өткен әрбір автокөлік түріне байланысты ақы төлеу белгіленген нормаларға сәйкес бекітілген. Биыл жыл соңында келісім шарт уақыты аяқталады.

Сонымен қатар, қазіргі таңда республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға Қарлан көпірі жанынан темір-бетонды көпір құрылысы жүргізілуде. Бас мердігер - «СтандартОйлКзо» ЖШС темір бетонды көпірдің құрылыс жұмыстарын келесі жылы жалғастырады", - деді.

Естеріңізге салсақ, 11 елді-мекеннің тұрғындарын аудан орталығымен байланыстырып тұрған бұл көпірдің құрылысы өткен жылы басталған болатын. Жаңа көпірдің құрылысына республикалық және облыстық бюджеттен 1 миллиард теңге қаралған. Аудандық ТҮКШ, Автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің мамандарының сөзінше, қөпірдің құрылысы 2024 жылы аяқталатын көрінеді.