Қызылордада үстел теннисі орталығының іргетасы қаланды
Бүгін Қызылорда қаласындағы Сырдарияның сол жағалауында үстел теннисі орталығының іргетасын қалау рәсімі өтті. Салтанатты шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысып, игі тілегін білдірді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Үстел теннисі орталығының бас мердігері - «СК Дәнекер» ЖШС, бас жобалаушысы - «Шынар Проект және Компания" ЖШС, техникалық қадағалаушы - «Нұрәлем Құрылыс» ЖШС. Орталық 2025 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Жиында спорт саласының ардагері Жақсыбек Егізбаев Сыр спортының жетістіктері мен жеңістері көп болуына тілектестігін білдірді.
Соңғы жылдары Қызылорда облысында құрылыс қарқынды жүруде. Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын шыңдау мақсатында «Шығармашылық академиясы» және Жаңақорған, Шиелі аудандарында Оқушылар үйі мен Өнер мектептері салынады. Сырдария өзенінің сол жағалауынан жаңа өлкетану музейі бой көтереді. Биыл 7 ауданда неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйін біріктіретін «Руханият» орталықтарының құрылысы басталды. Қызылорда қаласында бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы басталып, Қан орталығы пайдалануға беріледі. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында елді мекендерде өткен жылы 15 жаңа дәрігерлік амбулатория, 1 медициналық бекет ел игілігіне табысталды. Қазір 30 мыңнан астам ауыл халқына қалтқысыз қызмет көрсетуде. Сол жағалаудағы заманауи үлгідегі автовокзал пайдалануға беруге жақын. Қорқыт ата әуежайының жаңа терминалы да осы жылы қолданысқа берілетін нысандар қатарында.