ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА ҚОБЫЗ ҮНІМЕН ӨРІЛГЕН РУХАНИ КЕШ ӨТТІ
Бүгін Қызылорда қаласындағы «Өнер орталығында» халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты, «Қорқыт сазы» қобызшылар ансамблінің прима қобызшысы Гүлдана Берікқызының «Жүрегімнің үні» атты шығармашылық кеші өтті.
Рухани мазмұны терең, тағылымы мол өнер кеші қобыз үнінің тылсым табиғатын көрерменге кеңінен таныстырып, ұлттық өнердің құдіретін тағы бір мәрте айшықтады. Қазақтың қасиетті қара қобызынан төгілген қоңыр үн мен сахнадағы көркем қойылым көрерменге ерекше әсер сыйлап, ұлттық музыка әлеміне жетеледі. Кешке өнерсүйер қауым, мәдениет саласының өкілдері, шығармашылық зиялы қауым, жас өнерпаздар мен қала тұрғындары қатысты. Шығармашылық кештің шымылдығы «Қорқыт – Қобыз» атты әсерлі прологпен ашылды. Сахналық композиция арқылы қобыздың шығу тарихы, Қорқыт мұрасы мен қазақ халқының рухани әлеміндегі қобыз өнерінің орны көркем түрде бейнеленді. Қойылым көрерменді бірден ерекше атмосфераға бөлеп, кештің мазмұнын тереңдете түсті.
Концерт бағдарламасы қазақ және әлемдік музыка өнерінің үздік туындыларымен жалғасты. Кеш барысында Бауыржан Ақтаевтың «Көктем сазы», Темірлан Шөкеновтың «Жайсаң дала», Тәттімбеттің «Қосбасар», Тілес Қажығалиевтің «Қыз қуу» шығармалары орындалып, ұлттық музыка мен заманауи орындаушылық шеберліктің үйлесімі көрерменнің зор ықыласына ие болды. Сонымен қатар италиялық композитор Roberto Di Marino-ның «Катящиеся струны» шығармасы орындалып, қобыз аспабының мүмкіндігі халықаралық классикалық музыкамен үндестіріле көрсетілді. Ал Құрманғазының әйгілі «Серпер» күйі кештің рухын асқақтатып, көрерменнің ыстық қошеметіне бөленді. Концерт барысында сахна төрінде Тұрмағанбет атындағы халық аспаптар оркестрі өнер көрсетті. Оркестрдің көркемдік жетекшісі – «Тұран» сыйлығының иегері Нұрғиса Нұрбай. Ұлттық аспаптардан төгілген әуендер кештің көркемдік мазмұнын байытып, қобыз үнімен ерекше үйлесім тапты.
Сондай-ақ көрерменге «Қорқыт сазы» қобызшылар ансамблінің орындауындағы шығармалар ұсынылды. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі – Айнуза Бегімсалова. Қобызшылар ансамблінің орындаушылық шеберлігі мен сахналық мәдениеті көрермен тарапынан жоғары бағаланды. Кештің көркемдік мазмұнын «Томирис» би ансамблінің қойылымдары толықтыра түсті. Ансамбльдің бас балетмейстері – «Шапағат» медалінің және «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Гүлбану Мырзабаева, ал көркемдік жетекшісі – Мөлдір Тойбазарова. Би ұжымының ұлттық нақыштағы қойылымдары концерттің әсерін күшейтіп, музыкалық шығармалардың мазмұнын тереңдете түсті. Шығармашылық кеште өнерпаздар Кенжебек Елденбаев, Руслан Сайын, Динара Жаманова, Нұрғиса Тілектес, Жансая Байжанова, Әсем Жолдыбекова, Толқын Биекенова және Нұрлыбек Рүстемұлы өнер көрсетіп, өздерінің жоғары кәсіби шеберліктерін паш етті. Әр орындаушының өнері көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, кештің мазмұнын байыта түсті.
Концертмейстерлер Исатай Ережепов пен Алия Ахметова да кештің жоғары деңгейде өтуіне өзіндік үлестерін қосты. Музыкалық сүйемелдеудің сапасы мен сахналық үйлесім көрермен тарапынан ерекше бағаланды. Кеш барысында Тұрмағанбет атындағы халық аспаптар оркестріне Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Кеулімжай Ботабаев дирижерлік етті. Белгілі дирижердің кәсіби шеберлігі кештің көркемдік деңгейін арттыра түсті. Өнер кешінде Гүлдана Берікқызының шығармашылық жолы да кеңінен таныстырылды. Өнер иесінің музыкалық жолы Павлодар қаласындағы дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернатынан басталған. Кейін өнерпаз Қазанғап атындағы музыкалық колледжде білім алып, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында кәсіби шеберлігін шыңдады.
Жас өнерпаздың шығармашылық ізденісі мен еңбекқорлығы оның кәсіби деңгейде қалыптасуына үлкен әсер етті. Бүгінде Гүлдана Берікқызы халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты атанып, қазақтың ұлттық өнерін шетел сахналарында табысты насихаттап жүр. Өнер иесі Франция, Италия және Сицилия сахналарында өнер көрсетіп, қазақтың қобыз өнерін халықаралық деңгейде танытқан талантты музыканттардың біріне айналды. Шетелдік көрермендер де оның орындаушылық шеберлігіне жоғары баға беріп келеді. Кеш барысында жүргізушілер қобыз өнерінің қазақ халқының рухани өміріндегі орны туралы кеңінен айтып өтті. Қобыздың үні – тек музыкалық аспаптың үні ғана емес, халықтың тарихы мен тағдырының үні екені ерекше атап өтілді. Гүлдана Берікқызының шығармашылығының тағы бір ерекшелігі – оның бірнеше музыкалық аспапты кәсіби деңгейде меңгеруі. Бұл оның жан-жақты музыкант әрі заманауи өнер кеңістігінде өзіндік орны бар талант иесі екенін көрсетеді. Көрермендер кеш барысында қобыз үнінің тереңдігін, ұлттық музыканың құдіретін ерекше сезінді. Концерт соңында зал ұзақ уақыт қол соғып, өнерпаздарға зор қошемет көрсетті.
– Бүгінгі кештен ерекше әсер алдық. Қобыздың үні адам жанына терең әсер етеді екен. Осындай ұлттық өнер кештері жастарға рухани тәрбие береді, – деді кеш қонақтарының бірі.
Өнер кешінің режиссерлері – «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Ғ. Абитов пен А. Жанабаева. Олардың режиссерлік шешімі арқылы концерт бағдарламасы жоғары деңгейде ұйымдастырылып, көрерменге әсерлі әрі мазмұнды түрде ұсынылды. Шығармашылық кеш ұлттық өнердің мәңгілік құндылық екенін тағы бір мәрте дәлелдеп, қобыз үнінің адам жанына рухани қуат сыйлайтын ерекше қасиетін айқын көрсетті. «Жүрегімнің үні» атты кеш көрермен жүрегінен орын алып, қазақтың қасиетті қобыз өнеріне деген құрметті арттыра түсті.







