Қызылордада тұмау және ЖРВИ алдын алу шаралары жүйелі түрде жүргізілуде

1 573

Фото: Қызылорда қаласының әкімдігіҚызылорда қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының кешенді іс-шаралар жоспарына сәйкес, облыстың денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп тұмау және жіті респираторлық вирустық инфекциялардың алдын алу бағытындағы жұмыстар қарқынды жүзеге асырылуда, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі. 

Осы тақырыпқа байланысты қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Бейбіт Бидаш пен “Ұлттық сараптама орталығы” Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Фарида Қалиева қатысуымен баспасөз конференциясы өткізілді

2025 жылдың алғашқы он айында қала бойынша ЖРВИ-дің 77 612 жағдайы тіркеліп, оның 48 037-сі 14 жасқа дейінгі балалар арасында болды. 100 мың тұрғынға шаққандағы аурушаңдық көрсеткіші 20 352,4-ті, ал балалар арасында 38 374,6-ны құрады. Былтырмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 10,4%-ға төмендеді. Сонымен қатар тұмаудың 53 жағдайы анықталып, оның 35-і балаларға тиесілі болды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 29,5%-ға аз. Эпидемиялық маусым алдындағы кезеңде ЖРВИ-дің 10 450 жағдайы тіркеліп, тұмаудың 49 оқиғасы анықталды. Жаңа оқу жылының алғашқы екі айында 56 мектепте 1822 оқиға тіркелді, бұл көрсеткіш эпидемиологиялық шектен аспайды

Қалада тұмау мен ЖРВИ-дің алдын алу және таралуын болдырмау мақсатында денсаулық сақтау, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау және білім беру басқармаларының бірлескен бұйрығымен кешенді іс-шаралар жоспары бекітілді. Барлық емдеу ұйымдарында медицина қызметкерлеріне арналған семинарлар ұйымдастырылып, аурудың алғашқы белгілері мен алдын алу тәсілдері жан-жақты түсіндірілді

Тұмаудан қорғанудың ең тиімді жолы вакцинация болып саналады. ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2025 жылғы 22 тамыздағы №6 қаулысына сәйкес, 23 қыркүйектен бастап қауіпті топтағы 36 910 адам «Гриппол плюс» вакцинасымен егілді. Сонымен қатар жұмыс берушілер есебінен 1 520 қызметкерге вакцина салынды

Қызылорда қаласындағы вирусологиялық зертхана эпидемиялық маусымға толық дайын. Материалдық-техникалық база жаңартылып, реактивтер мен жабдықтар қоры толықтырылды. Зертханада үш заманауи ПТР құрылғысы орнатылып, 2025 жылдың 26 қыркүйегінен бастап сынамалар қабылданып, облыс бойынша 3 418 зерттеу жүргізілді. Оның ішінде тұмау А типі 86, ЖРВИ 8 және COVID-19 2 жағдай расталды. Сапаны сыртқы бағалау мақсатында сынамалар Ұлттық референс зертханаға жіберіліп, толық расталды. Зертхана мамандары мониторинг пен профилактикалық шаралар тұрақты жүргізіліп, биологиялық қауіпсіздік талаптары күшейтілгенін атап өтті

Мамандар тұрғындарға тұмау белгілері байқалған жағдайда өздігінен ем қабылдамауға, дәрігерге уақытылы жүгінуге кеңес берді. Себебі емдеуді кешіктіру тыныс алу, жүрек-қантамыр және жүйке жүйесі аурулары сияқты асқынуларға әкелуі мүмкін