ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ДАЙЫНДЫҚ БАРЫСЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ

2 515

Бүгінгі Үкімет отырысынан кейін облыс әкіміОблыс әкімдігінің орынбасары Шахмардан Баймановтың төрағалығымен мәжіліс өтті. Күн тәртібінде жаңа оқу жылына дайындық мәселелері қаралып, тиісті тапсырмалар берілді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


«Қызылорда қаласы және аудан әкімдері, білім беру ұйымдарының, оның ішінде балабақша, мектеп, колледждердің дайындығына білім басқармасы ғана емес сіздер де жауаптысыздар. Бұл туралы аймақ басшысы үнемі ескертетінін өздеріңіз де жақсы білесіздер. Сондықтан да тапсырмалар сапалы әрі мерзімінде орындалуы қажет.
Өткен жылы үш ауысымға көшуі мүмкін мектептер мәселесін қосымша ғимарат салу арқылы толығымен шештік. Ол өз кезегінде тиімділігін көрсетті. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен 4, «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры» есебінен 2, тағы 1 мектептің мәселесі жеке демеуші есебінен шешіледі. 2025 жылы аймақта бірде-бір апатты мектеп болмауы тиіс. Бұл - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей тапсырмасы, облыстық білім басқармасы жұмысының басым бағыттарының бірі.
Мектептердегі күрделі жөндеу жұмыстары 15 тамызға дейін толық аяқталуы тиіс. Оқулықтар 20 тамызға дейін толық жеткізіліп, оқушыларға таратылсын.
Қауіпсіздік талаптары қатаң сақталуы керек.
Облыстық полиция департаменті білім басқармасымен бірлесіп, бейнебақылау камераларының жай-күйі мен жедел әрекет ету орталығына қосылуына қатысты мәселені қайта пысықтап шығуы қажет. Сонымен қатар, мектепте берілетін тамақ сапасын ұдайы қадағалауда ұстау керек.
Жыл сайынғы «Мектепке жол» дәстүрлі акциясын биыл да жоғары деңгейде ұйымдастыру маңызды», – деді Шахмардан Байманов.


Жаңа оқу жылына Қызылорда қаласының сол жағалауынан 900 орындық 1 «Жайлы мектептің», Шиелі ауданы, Жансейіт ауылында 100 орындық №133 мектептің, Жаңақорған ауданы, Байкенже ауылында 150 орындық №193 мектептің жаңа ғимараттарын пайдалануға беру жоспарланған. Сондай-ақ, сол жағалаудағы Оқушылар сарайы қыркүйек айында іске қосылады деп күтілуде.