ҚАРМАҚШЫДА ЭКОНОМИКА САЛАЛАРЫНДА ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТІНІ ЕНГІЗУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

1 509

ҚАРМАҚШЫДА ЭКОНОМИКА САЛАЛАРЫНДА ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТІНІ ЕНГІЗУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Қармақшы ауданы әкімдігінде Мемлекет басшысының ел дамуының жаңа кезеңіне бағытталған бастамаларын жүзеге асыру мәселелеріне арналған кезекті мәжіліс өтті. Аудан әкімі Жандос Еркінбек төрағалық еткен жиында экономиканың түрлі салаларына жасанды интеллект технологияларын енгізу, цифрландыру жұмыстарын күшейту және мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру мәселелері кеңінен талқыланды.

Мемлекет басшысы 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялап, Үкімет пен барлық өңірлерге экономиканың негізгі салаларына заманауи цифрлық шешімдерді енгізу бойынша нақты міндеттер жүктеген болатын. Осыған байланысты аудан көлемінде атқарылатын жұмыстар легі пысықталып, жаңа технологияларды басқару жүйесіне кезең-кезеңімен енгізу бағытындағы жоспарлар қаралды.

Жиын барысында аудан әкімі Жандос Еркінбек қазіргі таңда жасанды интеллекттің әлемдік экономикада маңызды рөл атқарып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, цифрлық технологияларды тиімді пайдалану мемлекеттік басқару жүйесінің ашықтығын қамтамасыз етіп қана қоймай, еңбек өнімділігін арттырып, уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау, коммуналдық шаруашылық және кәсіпкерлік салаларында да жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолданудың маңызы зор екені айтылды.

Аудан басшысы өз сөзінде:

«Президентіміз елімізді бәсекеге қабілетті мемлекет ретінде дамыту үшін Үкіметке экономиканың барлық салаларына жасанды интеллектіні кеңінен енгізіп, жұмыс тәсілдерін жаңғыртуды тапсырды. Бұл – уақыт талабы. Сондықтан цифрландыру бағытындағы жұмыстар аудан деңгейінде де жүйелі әрі сапалы ұйымдастырылуы қажет. Біз жаңа технологияларды тиімді пайдалану арқылы халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын арттырып, басқару процестерін жеңілдетуге тиіспіз», – деді.

Жиында жасанды интеллект саласындағы маңызды бағыттардың бірі – кадрлардың цифрлық сауаттылығын арттыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Осы ретте аудан аумағында «IT Park Qarmaqshy» филиалын ашу жоспарланып отырғаны айтылды. Аталған бастама жастардың IT саласына қызығушылығын арттырып, бағдарламалау, робототехника, цифрлық жобалау және жасанды интеллект бағыттарында білім алуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл орталық арқылы жас мамандардың инновациялық жобаларды жүзеге асырып, жаңа технологияларды меңгеруіне қолдау көрсетілмек.

Мәжіліс барысында аудан әкімінің орынбасары Самат Смағұлов аудан көлеміндегі көркейту-көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстары жөнінде баяндама жасады. Ол кент және ауылдық округтердегі тазалық жұмыстарының барысына тоқталып, арнайы техникалардың қазіргі жай-күйі мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәлімет берді. Сонымен қатар елді мекендердің санитарлық тазалығын сақтау, көгалдандыру аумақтарын көбейту және коммуналдық техникалардың тиімді жұмысын ұйымдастыру бағытында нақты шаралар қолға алынғанын жеткізді.

Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Әлия Идрисова Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу шаралары туралы баяндама жасады. Ол аудан аумағында залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын, тұрғындарға түсіндіру жұмыстары тұрақты ұйымдастырылып отырғанын атап өтті. Сондай-ақ қауіпті індеттің алдын алу үшін сақтық шараларын қатаң сақтау қажеттігі ескертілді.

Мәжілісте жазғы суға шомылу маусымына дайындық мәселесі де қаралды. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Өмірбек Сақтабаев тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, су айдындарында қауіпсіздік ережелерін сақтау жөнінде түсіндірме берді. Сонымен қатар рұқсат етілмеген орындарда суға шомылудың қауіптілігі айтылып, ата-аналарға балалар қауіпсіздігіне ерекше мән беру қажеттігі ескертілді.

Жиын қорытындысында аудан әкімі Жандос Еркінбек барлық жауапты сала басшыларына күн тәртібіндегі мәселелер бойынша нақты тапсырмалар жүктеп, олардың уақытылы әрі сапалы орындалуын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Сонымен қатар цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу бағытындағы жұмыстарды жандандырып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беру қажеттігін атап өтті.

Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі