ТАПСЫРМАЛАР ТИЯНАҚТЫ ОРЫНДАЛУЫ КЕРЕК
Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасына сәйкес, облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов Қызылорда қаласындағы бірқатар нысанның жұмыс барысын тексерді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Алдымен «Жан Арай» ЖШС агроиндустриялық кешенінің жұмысын көрді. Аталған кешен күріш өндірісімен, күріш жармасын халықаралық стандарттар бойынша өңдеумен, түйіршіктелген жем өндірумен айналысады. Мекеменің жем зауытының қуаттылығы – тәулігіне 80 тонна, күріш өңдеу зауытының қуаттылығы – тәулігіне 150 тонна. Сондай-ақ, 1500 тонналық жеміс сақтау қоймасы, сыйымдылығы 1120 тонна тоңазытқыш бар. Ет өңдеу және жем зауытында 200 адам жұмыс істейді.
Одан кейін облыс әкімінің орынбасары «Қорқыт ата әуежайына» кіреберіс автомобиль жолын қайта жаңғырту жұмысымен танысты. Мердігер «Қыран» ЖШС 13,5 шақырым жолды бір жылда салып бітіруді жоспарлаған. Төрт қабатты жол жабындысы төселген соң жарықшамдар мен аялдамалар орнатылуда. “Құрылыстың сапалы жүргізіліп, мерзімінде пайдалануға берілуін басты назарда ұстау керек”, - деді Б.Жаханов.
Сонымен қатар, Сырдария өзенінің сол жағалауындағы “Жайлы мектеп” ұлттық жобасымен бой көтерген білім ордасының және жеті қабатты тұрғын үйлердің құрылыс барысы сараланды.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен облыста 12 300 орынға арналған 21 мектеп салу жоспарланған. Биыл 6 900 орындық 10 мектеп, алдағы жылы 5 400 орындық 11 мектеп пайдалануға беріледі. Облыс әкімдігі оларға инфрақұрылым жеткізуге жергілікті бюджеттен 118,4 млн. теңге бөліп, жоба-сметалық құжаттары әзірленді, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Инфрақұрылым жүргізуге жергілікті бюджеттен 1,7 млрд. теңге бөлініп, қазір 10 мектептегі құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталды. Биыл құрылысы басталатын 11 мектептің жер телімдері белгіленіп, «Самұрық - Қазына Констракшн» акционерлік қоғамына наурыз айында табысталды.