Қызылордада қаржыны жоспарсыз жұмсаған спорт мекемесінің басшыларына қатаң сөгіс берілді
Қызылорда облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бақтияр Артаевтың төрағалығымен спорт мекемелерінің басшылары қатысқан жиын өтті. Онда 2025 жылдың алғашқы жартыжылдық қорытындысы талқыланды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Басқарманың баспасөз қызметі хабарлағандай, тексеру барысында 10-нан астам мекеменің бір жылға бөлінген қаржының 75%-дан көбін жоспарсыз жұмсағаны анықталды.
Мемлекет қаржысын тиімді игере алмаған мектеп директорларына басқарма басшысы қатаң сөгіс беріп, осы уақытқа дейін бюджет қаражатын игеруде осалдық танытқандардың жұмысы қатаң бақылауда болатынын жеткізді.
Тексеру барысында мемлекеттен бөлінген қаржы мақсатсыз пайдаланғаны дәлелденсе, мекеме басшысына, бас есепшісіне және сол спорт түрі бойынша бапкерге шешім қабылданатынын жеткізді.
Сондай-ақ басқарма басшысы ғимараттарға жөндеу жұмысын мерзімінде жүргізбеген директорларды сынға алып, оларға да қатаң сөгіс берді. Екі апта көлемінде демеушілер есебінен жұмыс қарқынын арттырып, ғимараттарды жаңа оқу жылына дайындауды тапсырды.