ҚЫЗЫЛОРДАДА ЗАҢ БҰЗЫЛДЫ МА? ПОЛИЦЕЙГЕ ҚАТЫСТЫ ДАУЛЫ ШЕШІМ

2 848

Фото: ©ЖИ алгоритмдері негізінде әзірлендіҚоғамдағы заң үстемдігі мен әділеттілік қағидаттары ең алдымен құқық қорғау органдары қызметінен көрініс табуы тиіс. Алайда Қызылордада полиция қызметкеріне қатысты туындаған жағдай бұл талаптардың қаншалықты сақталып отырғанына күмән келтіреді, - деп хабарлайды Оpennews.kz ақпараттық агенттігі. 

 Атап айтқанда, 2025 жылғы 18 қыркүйекте полиция инспекторы Бағдат Қайбулла жәбірленуші Талгат Тукеновке бір күнде, бір уақыттың ішінде 6 әкімшілік хаттама рәсімдеген. Аталған хаттамалар сот тәртібімен дауланып, нәтижесінде олардың барлығы қысқартылған. Талгат Тукеновтың мәліметінше инспектор сол кезде лейтенант шенінде болған. Сот тарапынан полиция инспекторына екі рет жекеше қаулы шығарылып, қызметтік тексеру нәтижесінде тәртіптік жаза берілгеніне қарамастан, арада небәрі екі ай өткен соң бұл жаза мерзімінен бұрын алынып тасталып, қызметкердің арнайы шені көтерілгені туралы мәлімет қоғамда орынды сұрақтар туғызуда. «Құқық қорғау қызметі туралы» заңның 58-бабына сәйкес, тәртіптік жаза салынған күннен бастап алты ай өткен соң ғана автоматты түрде жойылатыны көрсетілген. Ал оны мерзімінен бұрын алып тастау үшін қызметкер өзінің мінсіз қызметі мен ерекше жетістіктерін нақты дәлелдеуі қажет. Алайда екі ай ішінде, оның үстіне соттың жекеше қаулысы әлі күшінде тұрған кезде, қызметкердің «мінсіз» деп бағалануы орынды күмән туғызады.

 Сонымен қатар, заңның 24-бабына сәйкес, қолданыстағы тәртіптік жазасы бар қызметкерге кезекті арнайы шен беру көзделмеген. Егер жаза 18 желтоқсанда алынып, содан кейін бірден шен берілсе, бұл формалды түрде заң талаптарына сәйкес келгендей көрінуі мүмкін. Дегенмен, іс бойынша сот процесінің толық аяқталмағанын ескерсек, мұндай кадрлық шешімнің тым асығыс қабылданғаны байқалады.

 Соттың жекеше қаулысы - мемлекеттік органның немесе лауазымды тұлғаның заң бұзушылыққа жол бергенін растайтын ресми құжат. Мұндай қаулының бір емес, екі рет шығарылуы қызметкердің кәсіби деңгейі мен қызметтік сәйкестігіне елеулі күмән келтіреді. Бұл оқиға - жеке бір қызметкердің ғана емес, құқықтық жүйенің ашықтығы мен әділдігіне қатысты маңызды мәселе. Әсіресе, іс бойынша сот процесі әлі аяқталмаған жағдайда қабылданған мұндай шешімдердің заңдылығы мен негізділігі жан-жақты түсіндіруді қажет етеді. Оқиғаның мән-жайына тоқталсақ, жәбірленуші Талгат Тукеновтың айтуынша, полиция қызметкері Бағдат Қайбулланың әрекеттері оның құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі түрде нұқсан келтірген. Аталған жайтқа байланысты сот тарапынан екі мәрте жекеше қаулы шығарылуы істің жай ғана тұрмыстық немесе ұсақ құқықбұзушылық емес, құқық қорғау органы қызметкерінің әрекетіне берілген нақты құқықтық баға екенін аңғартады.

 Соған қарамастан, қызметтік тексеру нәтижесінде Қызылорда облысы Полиция департаментінің №497 бұйрығымен Бағдат Қайбуллаға тек «сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза қолданылған. Ал арада небәрі екі ай өткен соң, №682 бұйрықпен бұл жаза мерзімінен бұрын алынып тасталған. Бұдан кейін оның арнайы шені «аға лейтенантқа» дейін көтерілгені айтылып отыр.

 Мәселенің күрделілігі осы уақытта азаматтық іс бойынша сот процесінің әлі де жалғасып жатқанында. Яғни, қызметкердің әрекеттеріне құқықтық баға беру толық аяқталмаған, алайда соған қарамастан оған қатысты оң сипаттағы кадрлық шешімдер қабылданған. Бұл жағдай бірнеше маңызды сауалдарды алға тартады. Біріншіден, соттың жекеше қаулылары ескерілген бе, әлде олар формалды түрде ғана қаралған ба? Екіншіден, тәртіптік жаза қандай нақты негіздерге сүйене отырып мерзімінен бұрын алынып тасталды? Үшіншіден, қызметкердің кәсіби және моральдық бейнесі толық бағаланбай тұрып, оған жоғары арнайы шен беру қаншалықты заңды әрі негізді?

 Мұндай шешімдер тек бір қызметкердің мансаптық өсуіне қатысты мәселе емес, бұл - құқық қорғау жүйесіне деген қоғамдық сенімге тікелей әсер ететін фактор. Егер тәртіптік жауапкершілікке тартылған қызметкер қысқа мерзім ішінде толық «ақталып», керісінше көтермеленетін болса, онда заң талаптарының бәріне бірдей қолданылатынына күмән туындауы заңды. Сондықтан аталған жағдайға құқықтық тұрғыдан нақты әрі ашық баға беріліп, қабылданған шешімдердің заңдылығы жан-жақты тексерілуі қоғам үшін аса маңызды. Осындай оқиғалар қоғамда түрлі пікірлердің қалыптасуына әсер етуде. Әлеуметтік желі қолданушыларының бірі бұл жағдайға қатысты өз көзқарасын білдіріп, былай деп пікір қалдырған:

«Бұларға заң жоқ, қарапайым халыққа ғана заң жүреді. Өздеріне келгенде бәрі заңды болып шығады. Оны көрдік те, көріп те келе жатырмыз», – деп жазды желі қолданушысы. 

Мұндай пікірлер қоғамдағы теңсіздік мәселесіне қатысты алаңдаушылықтың бар екенін аңғартады.

 Бұл жағдай құқық қорғау жүйесіндегі шешімдердің ашықтығы мен әділдігіне қатысты маңызды сұрақтарды күн тәртібіне шығарып отыр. Қоғам сенімі - ең басты құндылық, ал мұндай даулы жайттар сол сенімге сызат түсірмеуі үшін әрбір шешім заң аясында нақты әрі түсінікті негізделуі тиіс. Осыған байланысты жоғарыда көтерілген сауалдар бойынша тиісті құзырлы органдарға ресми сұрау жолданған болатын. Келген жауап мынадай:

«Қызылорда қаласы Полиция басқармасы патрульдік полиция батальоны саптық бөлінісінің қызмет инспекторы полиция аға лейтенанты Қайбулла Бағдат Сайдилдаұлына 10.10.2025 жылы Қызылорда облысы Полиция департаментінің № 497 ж/қ бұйрығымен «сөгіс» тәртіптік жазасы тағайындалған. Сондай-ақ Құқық қорғау қызметі туралы заңының 55-бабының талаптарына сәйкес 2025 жылдың 12 айының қорытындысы бойынша қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында полиция қызметкері жоғары көрсеткішке қол жеткізілген. Осы жоғарыда аталғандарды басшылыққа ала отырып қызметкерге қатысты тәртіптік жазаның уақытынан бұрын шешіліп, кезекті арнаулы атағы табысталғанын хабарлаймыз.» 

Қорытындылай келе, бұл жауап бір жағынан заң талаптарының сақталғанын көрсеткенімен, екінші жағынан қоғам көкейіндегі барлық сұрақтарға толық әрі күмәнсіз нүкте қоя алды деу қиын. Өйткені құқық қорғау жүйесінің беделі тек көрсеткіштермен емес, әділдікке деген ортақ сеніммен өлшенеді. Егер әрбір даулы жағдай бойынша қабылданған шешімдер жұртшылыққа анық, дәйекті және күмән тудырмайтындай деңгейде түсіндірілмесе, онда заңдылықтың өзі формалды сипатқа айналып кету қаупі бар.

Сондықтан мәселе бір қызметкердің тағдырында емес, жалпы жүйенің қаншалықты ашық әрі әділ жұмыс істейтінінде. Қоғам дәл осыны күтеді.