Қызылордада ірі жобалар жүзеге асуда: Аймақ басшысы бірқатар құрылыс нысандарын аралады
Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қала аумағындағы бірқатар маңызды нысандардың құрылыс жұмыстарымен танысты. Аймақ басшысы өндірістік, көлік инфрақұрылымы және спорт салаларындағы ірі жобалардың орындалу барысын пысықтап, жұмыс сапасына мән берді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Жиһаз өндірісі – өңір экономикасының жаңа тынысы
Облыс әкімі жұмыс сапары барысында алдымен "Сәулет" мөлтек ауданындағы жаңа жиһаз цехының құрылыс алаңына барды. Жылына 35 мың дана дайын өнім шығаруға қауқарлы цех толық іске қосылғанда 30 адамды тұрақты жұмыспен қамтитын болады. Жоба аясында «Өңірлік инвестициялық орталық» арқылы 59 млн теңге көлемінде несие беріліп, заманауи өндірістік құрал-жабдықтар сатып алынған.
22 жылдық тәжірибесі бар «Панабек» серіктестігі бұл бастамамен нарыққа сапалы әрі қолжетімді өнім ұсынып қана қоймай, аймақтың экономикалық әлеуетін арттыруға және жаңа жұмыс орындарын құруға үлес қосуды мақсат етіп отыр.
Нан-тоқаш өндірісі кеңейтіледі
Сапар барысында өңір басшысы «Қызылорда Нан» ЖШС-нің өндірістік кешенінде болды. Мұнда нан-тоқаш, кондитерлік және макарон өнімдері өндіріледі. Толық автоматтандырылған цех тәулігіне 7 тонна өнім өндіреді. Кәсіпорын алдағы уақытта өндіріс көлемін тәулігіне 15 тоннаға дейін арттыруды жоспарлап отыр. Өнімнің 70 пайызы қала мен оған жақын орналасқан елді мекендерге жеткізілсе, 30 пайызы кәсіпорынның жеке сауда желісі арқылы сатылады.
Жолайрық пен жаңа даңғыл құрылысы қарқын алды
Әкімнің бақылауындағы келесі нысан – «Қызылорда–Құмкөл» автожолындағы жолайрық құрылысы болды. Қазіргі таңда көпірдің бес кіреберіс қанаты асфальтталып, негізгі үстіңгі бөлігіне қиыршық тас төселген. Сонымен қатар 800 метр жолға асфальт төселіп, құрылыс жұмыстары жоспарға сай жүзеге асырылуда.
Сапар аясында Нұрлыбек Машбекұлы "Тәуелсіздікке 25 жыл" даңғылының жалғасқан құрылыс жұмыстарымен де танысты. Мұнда төрт жолақты автожолмен қатар, ені 6 метр болатын жаяу жүргіншілер мен велосипед жолдары қарастырылған. Жобаны «УАД» ЖШС жүзеге асыруда.
Жаңа стадион – спорт инфрақұрылымындағы серпіліс
Аймақ басшысы 11 мың орындық жаңа стадионның құрылыс алаңына арнайы барып, құрылыс барысын бағамдады. Бұл – өңір спортын дамытуда ауқымды қадам. Спорт нысаны жанынан 1000 орындық автотұрақ пен 40 орындық VIP тұрақ салынады. Ғимараттың батыс секторында спортшыларға арналған жаттығу алаңы, жуыну және киім ауыстыру бөлмелері, төрешілер мен жаттықтырушылар кабинеттері және емдік-массаж бөлмелері орналаспақ.
Ал шығыс секторында ауыр атлетика, бокс, гимнастика, акробатика және күреске арналған залдар қарастырылған. Жанкүйерлер үшін санитарлық тораптар, демалыс және тамақтану орындары, VIP-аймақтар мен жеке кабинеттер болады.
Аймақ басшысы жұмыс сапары барысында барлық құрылыс нысандарында мердігер ұйымдардың өкілдеріне нақты тапсырмалар беріп, жұмыстардың сапалы әрі мерзімінде аяқталуын қатаң бақылауда ұстау қажеттігін ескертті. Қала инфрақұрылымын жаңғырту, жұмыс орындарын құру және халыққа қолайлы жағдай жасау – облыс басшылығының басты назарында.