Қызылорда өңірінде шөлейт аймақтарға төзімді ағаштар отырғызу жобасы бастау алды

2 311

Фото: Қызылорда облысының әкімдігіҚызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев пен Ә.Бөкейхан атындағы Қазақ орман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Әлімжан Рахымжановтың кездесуі аясында аймақтың экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған маңызды мәселе — шөл және шөлейтті аймақтарға төзімді ағаштар отырғызу жайы кеңінен талқыланды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Кездесу барысында облыс аумағындағы орман қорын арттыру, экологиялық тепе-теңдікті сақтау және климаттық өзгерістерге қарсы тұру мақсатында бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарының маңыздылығы атап өтілді. Атап айтқанда, ғылыми институттың ғалымдары «Қорқыт Ата» халықаралық әуежайынан бастап, «Белкөл» кентіне дейінгі аралықтағы 35 шақырымдық аумақты қамтитын топыраққа агрохимиялық талдау жүргізу жұмыстарын бастады.

Зерттеу аясында мамандар топырақтың құнарлылығы, ылғалдылығы және тұздылық деңгейін анықтау мақсатында сынамалар алды. Алынған мәліметтер негізінде өңірдің климаттық ерекшеліктеріне төзімді ағаш түрлерін іріктеу және оларды тиімді орналастыру жоспарлануда.

Облыс әкімдігі мен ғылыми институт арасындағы бұл ынтымақтастық өңірдің экожүйесін қалпына келтіруге, жасыл белдеулер құру арқылы ауа сапасын жақсартуға және жергілікті биоалуантүрлілікті сақтауға ықпал етеді деп күтілуде.

Айта кету керек, бұл бастама Мемлекет басшысының «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы мен экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмалары аясында жүзеге асырылып отыр. Жобаның табысты іске асуы — Қызылорда өңірі үшін экологиялық әрі әлеуметтік жағынан маңызды қадам болмақ.