Жалғас Сүйеубаев Әйтеке би кентінде салынып жатқан қосалқы станса құрылысымен танысты

2 286

Фото: Қазалы ауданының әкімдігіҚазалы ауданында тұрғындарды сапалы әрі тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз ету мақсатында 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын инфрақұрылымдық жобалар қолға алынып, бірқатары нақты іске асуда. Соның бірі — Қазалы қаласы мен Әйтеке би кенті аралығындағы жаңадан бой көтерген кварталдарды электр энергиясымен жабдықтауға арналған жаңа қосалқы станса құрылысы, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Құрылыс барысы бақылауда

Аудан әкімінің міндетін атқарушы Жалғас Сүйеубаев Әйтеке би кентінің оңтүстік-батыс беткейінде салынып жатқан қосалқы станса құрылысымен танысып, құрылыс алаңында жұмыс жүргізіп жатқан мердігер мекеменің өкілдерімен кездесті. Жоба мердігері — «Энергомера» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

Кездесу барысында Жалғас Оңғарұлы:

«Бұл жоба — кент пен қала аралығында тұратын тұрғындарды сапалы электр энергиясымен қамтамасыз етуде аса маңызды. Сондықтан құрылыс сапасына, қауіпсіздік талаптарына және жұмыс кестесіне ерекше мән берілуі керек», — деп атап өтті.

Құрылыс жұмыстарының жай-күйі

Бүгінде құрылыс алаңына қажетті барлық материалдар жеткізілген.

Жер қазу жұмыстары толық аяқталып,

Фундаменттік блоктар орнатылды.

Жалпы алғанда, құрылыс-монтаж жұмыстарының 40 пайызы орындалған.

Жобаның уақытылы әрі сапалы жүзеге асуы — өңірдегі жаңа тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың үздіксіз электрмен жабдықталуын қамтамасыз етеді.

Аудан бойынша басқа да маңызды жобалар қолға алынуда

Қосалқы станса құрылысына қоса, биыл Қазалы қаласы мен Қожабақы ауылының электр желілерін жаңғыртуға қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Бұл жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін:

Аудан бойынша тозығы жеткен электр желілерінің үлесі 62,5 пайыздан 58 пайызға дейін төмендейді деп күтілуде.

Жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленді

Электрмен қамту инфрақұрылымын кеңейту бағытында Қазалы ауданына қарасты Түктібаев, Бозкөл, Жалаңтөс батыр, Қ.Пірімов, Жанкент және Абай ауылдарының жеке тұрғын үй секторларын электр энергиясымен жабдықтау үшін жоба-сметалық құжаттамалар (ЖСҚ) әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынған.

Қазіргі таңда бұл жобалар бойынша қаржыландыру мәселесі қаралып, тиісті ұсыныстар салалық министрлікке жолданды.

Инфрақұрылым – халық игілігіне

Энергетикалық инфрақұрылымды дамыту – Қазалы ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды бағыттарының бірі. Жоғарыда аталған жобалар толық жүзеге асқан жағдайда аудан халқының өмір сүру сапасы артып, жаңа құрылыс аймақтарының даму қарқыны күшеймек.