Жалағаш ауданының әкімі Ұлттық ауыл шаруашылығы санағының өту барысын талқылады

1 468

Фото: Жалағаш аудан әкімдігіБүгін аудан әкімдігінде аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен Ұлттық ауыл шаруашылығы санағының өту барысына арналған мәжіліс өтті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Жиында салаға жауапты аудан әкімінің орынбасары мен тиісті бөлім басшылары санақтың ағымдағы жай-күйі жөнінде баяндама жасады. Мәліметке сәйкес, аудан көлемінде онлайн кезеңде санаққа жататын 1276 ауыл шаруашылығы субъектісінің 1245-і санақтан өткен. Бұл жалпы көрсеткіштің 97,6 пайызына тең.

Сапа мен толықтық – басты талап

Аудан әкімі Ардақ Ибраимов жиналыс барысында сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп, санақтың сапалы әрі толық жүргізілуін, ауыл шаруашылығы субъектілерін толық қамтуды міндеттеді.

– Бұл санақ – ауыл шаруашылығы саласының нақты ахуалын айқындап, тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретін маңызды науқан. Сондықтан әрбір жауапты тұлға өз міндетіне барынша мұқият қарауы қажет. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын да күшейткен жөн, – деді аудан басшысы.

Мақсат – нақты дерек, жүйелі жоспарлау

Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы елімізде әрбір 10 жыл сайын жүргізіледі. Бұл науқан агроөнеркәсіптік кешеннің әлеуетін, құрылымын және даму үрдістерін саралап, тиімді мемлекеттік бағдарламалар әзірлеуге мүмкіндік береді.

Аудандық деңгейде санақ барысы күнделікті бақылауға алынған. Жауапты мамандар деректердің дұрыстығын тексеріп, қамтылмай қалған субъектілермен жеке жұмыс жүргізуде.

Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы – ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы арқылы өткізіледі. Санақтың мақсаты – ауыл шаруашылығы саласындағы нақты көрсеткіштерді анықтап, салалық саясаттың тиімділігін арттыру.