Қызылордада кадрлық өзгерістерге байланысты актив отырысы өтті

1 457

Фото: Қызылорда облысының әкімдігіҚызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өңір басшылығының қатысуымен актив отырысы өтті. Басқосу Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде болған кадрлық өзгеріске орай ұйымдастырылды. Жиынға құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, басқарма басшылары, қала және аудан әкімдері қатысты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Отырыста Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бұрынғы бастығы Шаймерден Есенкелдиевті басқа қызметке шығарып салу рәсімі өтті. Ол ротация тәртібімен Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы лауазымына тағайындалды.

Қызмет жолы – жүйелі еңбекпен өрілген

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев әріптесіне жылы лебізін білдіре отырып, оның аймақтың құқық қорғау жүйесіне қосқан үлесін ерекше атап өтті.

Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

«Шаймерден Тәжіқұлұлы – еңбек жолын қарапайым полиция қызметкерінен бастап, жоғары басшылыққа дейін сатылап өскен, кәсіби тәжірибесі мол, абыройлы азамат. Облысымызда алты жыл бойы нәтижелі еңбек етіп, қылмыстық-атқару жүйесін заманауи деңгейге көтеруге зор үлес қосты. Департамент жұмысы осы жылдары нақты көрсеткіштермен дәлелденген жетістіктерге қол жеткізді», – деді аймақ басшысы.

Президент тапсырмасына сәйкес жүйелі жұмыс атқарылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында қылмыстық-атқару жүйесін жетілдіру қажеттігін үнемі айтып келеді. Президент «сотталғандарды қоғамнан оқшаулау емес, қайта әлеуметтендіру маңызды» екенін баса көрсеткен болатын.

Осы бағытта Қызылорда облысында нақты нәтижелерге қол жеткізілді. Соңғы жылдары жазасын өтеушілерді еңбекке тарту көрсеткіші 68 пайызға жеткен. Бұл – еліміз бойынша жоғары көрсеткіштердің бірі.

№60 түзеу мекемесінде 18 өндірістік цех ашылып, 400-ден астам жазасын өтеуші жұмыспен қамтылды. Олар түрлі өндірістік бағытта еңбек етіп, мамандық иесі атанып, қайта әлеуметтендіру жүйесіне толық тартылды.

Қылмыстық-атқару инфрақұрылымы жаңғыртылды

Департаменттің материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша да айтарлықтай жұмыстар жүргізілді. Облыс әкімдігі мен ҚАЖ департаментінің өзара тығыз әріптестігінің нәтижесінде:

  • №60 мекемеге 91 млн теңгеге 97 электрондық есік орнатылды;
  • №68 мекеменің емхана ғимаратына 171 млн теңгеге күрделі жөндеу жасалуда;
  • Пробация қызметін жетілдіру мақсатында 39 млн теңгеге серверлік жүйе орнатылып,
  • 34 млн теңгеге 176 смарт-білезік сатып алынды.

Осы жаңғырту шаралары рецидивтік қылмыс деңгейін 28 пайызға дейін төмендетуге сеп болды.

Құрмет пен марапат – еңбектің бағасы

Актив жиынында облыс әкімі Шаймерден Есенкелдиевке Қызылорда облысының Құрмет грамотасын, «Қызылорда облысының дамуына қосқан үлесі үшін» мерекелік медалін және облыс әкімінің Алғыс хатын табыстады.

Қызылорда облысының прокуроры Ризабек Ожаров та сөз сөйлеп, әріптесіне жаңа қызмет жолында табыс тілеп, атқарған еңбегі үшін алғыс білдірді.

Шаймерден Тәжіқұлұлының Қызылорда өңіріндегі қызметі – қылмыстық-атқару жүйесін дамытудағы оң тәжірибенің үлгісі. Жазасын өтеушілерді еңбекке баулу, инфрақұрылымды жаңғырту және пробациялық бақылаудың тиімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Кадрлық ауыс-түйіс – мемлекеттік қызметтің ажырамас бөлігі. Ал кәсіби білікті басшы қай өңірде болса да, өзінің ізін қалдырып, жүйелі жұмыстың негізін қалады.