Қызылордада экологиялық бағдарлама аясында жаңарған Қорқыт ата саябағы тұрғындар игілігіне берілді

1 524

Фото: Қызылорда қаласының әкімдігіЕл Президентінің бастамасымен қолға алынған республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы Сыр өңірінде жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бағдарлама аясындағы берекелі іске қаладағы барлық мекеме ұжымдары, үкіметтік емес ұйым өкілдері, волонтерлер мен жастар, сондай-ақ тұрғындар белсенді түрде атсалысуда, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Бұл бастама қоршаған орта мен тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға, азаматтық жауапкершілікті арттыруға және қоғамда экологиялық сана қалыптастыруға бағытталған. Соның нәтижесінде Қызылордада қоғамдық игілікке бірігіп үлес қосу – ортақ мәдениет пен азаматтық борышқа айналып отыр.

Жасыл кеңістік жаңғырып келеді

Қазіргі таңда Қызылорда қаласы аумағында 33 сквер мен аллея, сондай-ақ бірнеше саябақ пен демалыс орындары бар. Олардың барлығы кезең-кезеңімен күтімге алынып, жаңғырту жұмыстарынан өтуде. Соның айғағы – Қорқыт ата мемориалды саябағының толықтай жаңаруы.

Аймақ басшысының тікелей қолдауымен жүзеге асқан бұл жоба нәтижесінде 39 мың шаршы метр аумақты қамтитын саябақ көрікті демалыс орнына айналды. Мұнда су бұрқағы, спорт және балалар ойын алаңдары, жарық шамдары, жаяу жолдар мен көгалды аймақтар салынып, тұрғындардың серуендеуіне барынша қолайлы жағдай жасалды.

Жобаны жүзеге асыруға 1 млрд теңгеден астам қаржы бағытталды. Бүгінде жаңарған Қорқыт ата саябағы қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті орнына айналып үлгерді.

Еңбегі еленген жандарға құрмет

Саябақтың ашылу салтанатына ел ағалары, қоғам қайраткерлері, ардагерлер, қала тұрғындары қатысты. Шара барысында «Таза Қазақстан» бағдарламасына белсенді атсалысқан коммуналдық сала қызметкерлері мен саябақты жаңғырту жобасын жүзеге асырған мердігер мекеме мамандары марапатталды.

Қала әкімі Нұржан Ахатов оларға Қала әкімінің алғыс хаттарын табыстай отырып, қатысушыларды мерейлі мерекемен құттықтады:

– Сіздерді тарихы терең туған өлкеміздің ғасырлық тойы және «Қала күні» мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Қаламызда жүзеге асып жатқан әр жоба – тұрғындардың өмір сапасын арттыруға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. Сіздердің еңбектеріңіз соның айғағы, – деді Нұржан Сәбитұлы.

Қызылорданың жаңару жолы – жүйелі даму нәтижесі

Қала басшысы өз сөзінде соңғы жылдары атқарылған ауқымды инфрақұрылымдық және экологиялық жобаларға да тоқталып өтті.

– Аймақ басшысының қолдауымен бұған дейін 6 млрд 500 млн теңгеге қалалық мәдени-демалыс паркі жаңғыртылып, халық игілігіне берілді. Қазір 15 млрд теңгеге Президент саябағы қайта жаңалануда. Мұнда 10 млрд теңгеге 300 орындық заманауи балалар тынығу лагері, сондай-ақ 5 млрд теңгеге Ботаникалық білім беру орталығы салынуда. Ал алдағы уақытта Сырдария өзені үстінен 9 млрд теңгеге жаяу жүргіншілер көпірі бой көтереді, – деді қала әкімі.

Сонымен қатар, жергілікті бюджет есебінен 1,3 млрд теңгеге 20 көпқабатты үйдің аулалары абаттандырылып жатыр. Бұл жоба аясында 19 футбол, 25 жаттығу, 21 балалар ойын алаңы және 13 демалыс орны салынып, тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік берілуде.

– Бұл нысандар – жақсы істердің жалғасы, жаңашыл жобалардың бастауы. Барша қызылордалықтар үшін қолайлы, таза және әсем қала қалыптастыру – басты мақсатымыз, – деді Нұржан Ахатов.

Жаңарған саябақ – халықтың демалыс мекені

Салтанатты шара соңында қала әкімі ел ағаларына, қоғам қайраткерлеріне және ардагерлерге саябақ аумағында атқарылған жұмыстарды таныстырды. Жаңарған Қорқыт ата саябағы Қала күні мерекесі қарсаңында ашылып, қазірдің өзінде тұрғындар мен жастардың сүйікті демалыс орнына айналып отыр.

Фото: Қызылорда қаласының әкімдігі Фото: Қызылорда қаласының әкімдігі