Мемлекет басшысы Қызылорда қаласындағы жаңа орталық стадионға барды
Қызылорда қаласында еліміздің спорт инфрақұрылымын дамыту бағытындағы маңызды нысан – жаңа орталық футбол стадионы пайдалануға берілді. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев нысанға арнайы барып, стадионның жұмысымен және спортшылардың дайындығымен танысты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Жаңа арена 11 мың көрерменге арналған заманауи спорт кешені болып табылады. Оның құрылысы 2025 жылғы қазан айында толық аяқталып, пайдалануға берілді. Нысан халықаралық стандарттарға толық сәйкес келеді және UEFA-ның IV санат талаптарына сай жобаланған. Бұл деңгейдегі стадиондарда халықаралық футбол матчтарын, соның ішінде Еуропа лигасы мен ұлттық құрамалардың кездесулерін өткізуге мүмкіндік бар.
Стадион аумағында тек футбол ойындары ғана емес, мәдени іс-шаралар мен концерттер ұйымдастыруға да барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар кешен құрамында бокс, күрес, спорттық гимнастика, ауыр атлетика және басқа да спорт түрлеріне арналған арнайы жаттығу залдары бар. Бұл нысан аймақтағы спорт саласын дамытуға, бұқаралық спортпен айналысатын жастардың санын арттыруға зор серпін бермек.
Мемлекет басшысы стадионды аралау барысында Қызылорданың намысын қорғайтын «Қайсар» футбол клубының ойыншыларымен және бапкерлер құрамымен кездесті. Кездесу барысында Президент спортшыларға сәттілік тілеп, еліміздің футбол саласында жүріп жатқан реформаларға тоқталды.
Кездесу соңында Президент футбол добына қолтаңба қойып, спортшылармен естелік суретке түсті.
Жаңа орталық стадионның іске қосылуы – Қызылорда облысының спорттық өміріндегі айтулы оқиға. Бұл жоба өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, сондай-ақ салауатты өмір салтын насихаттауға елеулі үлес қосады деп күтілуде.







