Аудан әкімі Қожабақы және Бозкөл ауылдарының тұрғындарымен кездесті
Бүгін Қазалы ауданының әкімі Алмасбек Есмаханов Қожабақы және Бозкөл ауылдарына жұмыс сапарымен барып, тұрғындармен кездесіп, ауылдардағы әлеуметтік нысандардың қызметімен танысты. Сондай-ақ Қожабақы ауылында салынып жатқан жаңа спорт кешенінің құрылыс барысын бақылады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Аудан әкімі тұрғындарға атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды
Сапар барысында аудан басшысы алдымен екі ауылдың тұрғындарымен жүздесіп, аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының тікелей қолдауымен ауданда жүзеге асырылып жатқан жобалар жөнінде кеңінен ақпарат берді. Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, жолдарды жөндеу, ауылдық нысандарды жаңғырту және жаңа құрылыстар салу бойынша жоспарлар да көпшілік назарына ұсынылды.
Сонымен қатар Алмасбек Әбілқасымұлы келер жылға арналған жұмыстарға тоқталып, ауылдарды дамыту бағытында кезең-кезеңімен жүзеге асатын жобалар легін тілге тиек етті.
Тұрғындар өзекті мәселелерді ортаға салды
Кездесу барысында азаматтар тарапынан бірқатар маңызды мәселелер көтерілді. Атап айтқанда:
- елді мекенішілік жолдарды асфальттау;
- Қожабақы ауылына барар жолдағы қауіпті бұрылыстарда жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
- Бозкөл ауылына көгілдір отын жеткізу;
- ауылдағы ескірген балабақша ғимаратын қайта салу қажеттігі.
Әрбір ұсыныс пен өтінішке аудан әкімі және тиісті сала басшылары заң талаптары мен мүмкіндіктер аясында нақты жауап берді. Аудан басшысы екі ауылда да биыл бөлінген қаражат мөлшеріне сәйкес бір көшеден асфальт төсеу жұмыстары іске асырылатынын айтты.
Әлеуметтік нысандардың жұмысы тексерілді
Кездесуден соң Алмасбек Есмаханов ауылдық округтердегі мектептер мен балабақшаларды, басқа да әлеуметтік нысандарды аралап, олардың жылу жүйелерінің, бу қазандықтарының жұмысымен танысты. Қыстың қамына дайындық мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Қожабақыда спорт кешені құрылысы қарқынмен жүруде
Сапардың маңызды бөлігі – Қожабақы ауылында «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында бой көтеріп жатқан спорт кешенінің құрылыс барысын көру болды.
Бүгінде нысанда:
- іргетас құю;
- колонналарды орнату;
- сыртқы қабырғаларды кірпішпен қалау;
- ішкі және сыртқы кәріз жүйелерін жүргізу;
- ауыз су желісін тарту
жұмыстары аяқталған. Сонымен қатар жобада қарастырылған колонналар дайындалып, монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Жалпы құрылыс көлемінің 40 пайызы орындалған.
Құрылыс келесі жылы толық аяқталып, ауыл тұрғындарының игілігіне беріледі деп жоспарланып отыр.
Аудан әкімі мердігер компания – «Намыс-Құрылыс» ЖШС өкілдеріне және жауапты сала басшыларына жұмыстың сапасын жіті бақылап, барлық міндеттемелерді белгіленген мерзімде орындауды қатаң тапсырды.







