Спорт инфрақұрылымын және бұқаралық спортты дамыту мәселесі талқыланды

1 535

Фото: Қызылорда облысының әкімдігіПремьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің ауыл шаруашылығы саласындағы биылғы егін жинау науқанының қорытындысы, спорт инфрақұрылымын дамыту және бұқаралық спортты қолдау бағытындағы жұмыстар қаралды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Жиынға өңірлер селекторлық режимде қосылып, облыс әкімдерінің орынбасарлары мен жауапты ведомстволардың басшылары қатысты. Қызылорда облысы атынан облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов қатысып, өңірдегі негізгі көрсеткіштер мен өзекті мәселелер бойынша баяндама жасады.

Үкімет отырысынан кейін облыс әкімдігінде осы мәселелерге байланысты кеңейтілген мәжіліс өткізіліп, өңірлік деңгейде нақты тапсырмалар жүктелді.

Егін жинау науқаны аяқталды: ендігі міндет — сүдігер айдау мен күздік бидай егу

Данияр Еренғалиұлының айтуынша, облыста егін жинау жұмыстары толығымен аяқталған. Енді агросектордағы негізгі міндет — сүдігер айдау мен күздік бидай егу жұмыстарын уақытылы аяқтау.

Сонымен бірге жыл сайын қайталанатын өзекті мәселе — ірі шаруашылықтар мен жер үлескерлері арасындағы түсініспеушіліктер қайта қозғалды. Егін жиналғаннан кейін пай үлесіне байланысты даулардың жиілейтіні белгілі.

«Бұл – өте маңызды мәселе. Жергілікті халықтың мүддесі ескерілгені жөн. Сондықтан шаруа қожалықтарының басшыларымен, ауыл тұрғындарымен ашық талқылау өткізу керек. Барлық шешім заң шеңберінде қабылдануы тиіс. Қала мен аудан әкімдері шаруашылық басшыларының халық алдында есеп беруін қатаң қадағалауы қажет», – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.

Спорт инфрақұрылымын дамыту – өңір саясатының басым бағыты

Үкімет отырысында қаралған маңызды мәселелердің бірі — бұқаралық спортты дамыту және спорт нысандарының қолжетімділігін арттыру. Данияр Жаналинов спорт саласын дамыту бойынша өңірде атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды атап өтті.

Қазіргі таңда Қызылорда облысында 340 мыңнан астам адам спортпен жүйелі түрде айналысады. Бұл — өңір халқының 40,4 пайызы. Соңғы үш жылда облыста 20 жаңа спорт кешені пайдалануға берілді. Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында тағы 6 спорт кешені ел игілігіне тапсырылмақ.

Өңірде дене шынықтыру мен спортты дамытуға биыл жергілікті бюджеттен 38 млрд 213 млн теңге бөлінгені — спорт саласына ерекше көңіл бөлініп отырғанын көрсетеді.

Алайда салада шешімін қажет ететін мәселелер де бар.

«Спорт нұсқаушыларының жетіспеушілігі – өте өзекті мәселе. Әсіресе ауылдық жерлерде бұл айқын сезіледі. Спорт үйірмелерін көбейту үшін кадр мәселесін жүйелі жолға қою қажет. Балалар мен жастардың салауатты өмір салтын ұстануы – қоғамның денсаулығы мен табысты болашағының кепілі», – деді Д. Жаналинов.

Жауапты басшыларға нақты тапсырмалар берілді

Үкіметтен кейін өткізілген өңірлік мәжілісте Данияр Жаналинов ауыл шаруашылығы басқармасына, қала және аудан әкімдеріне, спорт басқармасына нақты міндеттер жүктеді.

Атап айтқанда:

  • сүдігер айдау мен күздік дақылдарды егу мерзімін бұзбау,
  • пай үлесіне қатысты дауларды алдын ала шешу үшін түсіндіру жұмыстарын күшейту,
  • спорт нысандарының қолжетімділігін арттыру,
  • спорт нұсқаушыларымен қамтамасыз ету тетіктерін әзірлеу,
  • жастарды спортқа баулу бағытындағы бағдарламаларды кеңейту тапсырылды.

Премьер-министр төрағалығымен өткен Үкімет отырысы мен өңірлік мәжілісте ауыл шаруашылығы мен спорт саласының дамуына ерекше назар аударылды. Егін жинау науқанының аяқталуы — агросектордағы жаңа міндеттердің басталуы болса, спорт инфрақұрылымын жетілдіру — өңір халқының денсаулығын нығайтуға бағытталған ұзақ мерзімді саясаттың маңызды бөлігі.

Қызылорда облысы алдағы уақытта да осы бағыттар бойынша жүйелі жұмыс жүргізеді деп күтілуде.