Жалағашта теміржол вокзалының құрылыс жұмыстарын уақытылы аяқтау тапсырылды

1 518

Фото: Жалағаш ауданының әкімдігіАудан әкімі Ардақ Ибраимов жұмыс сапары барысында Жалағаш кентінде бой көтеріп жатқан жаңа теміржол вокзалының құрылыс жұмыстарымен танысты. Құрылыс алаңын аралау кезінде әкім мердігер мекеме өкілдерінен атқарылған жұмыс көлемі, құрылыс кезеңдерінің орындалу деңгейі және алдағы жоспарлар туралы ақпарат алып, құрылыс қарқынын үдету қажеттігін атап өтті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Жаңа вокзал ғимараты аудан тұрғындары мен жолаушыларға сапалы қызмет көрсетуге бағытталған заманауи талаптарға сай салынуда. Аудан әкімі нысанның маңыздылығына тоқталып, құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтауды, сапа талаптарының қатаң сақталуын және аумақты кешенді түрде көркейту шараларын жүйелі жүргізуді тапсырды. Ол құрылыс барысында қауіпсіздік ережелерін сақтау, жұмысшыларға қолайлы жағдай туғызу және материалдардың сапасын бақылауды күшейту қажеттігін баса айтты.

Жобаның аяқталуымен қатар, перронды жаңарту, вокзал маңындағы жарықтандыру жүйесін орнату, аумақты көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары қарастырылған. Бұл шаралар жолаушыларға қолайлы инфрақұрылым қалыптастыруға, станция аумағының көркін арттыруға және ауданның көлік саласындағы қызмет көрсету сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Жалағаш ауданы аумағы арқылы өтетін темір жол желісінің ұзындығы 47 шақырымды құрайды. Жалағаш станциясы республикалық маңызы бар бағыттар үшін маңызды өткелдердің бірі болып саналады. Бұл станция арқылы «Алматы-1 – Ақтөбе», «Ақтөбе – Алматы-1», «Алматы-2 – Маңғыстау», «Маңғыстау – Алматы-2», «Қызылорда – Павлодар» және «Павлодар – Қызылорда» бағытындағы жолаушылар пойыздары қатынайды. Жаңа вокзалдың пайдалануға берілуі аталған бағыттар бойынша қатынайтын жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын айтарлықтай жақсартуы күтіледі.

Аудан әкімі Ардақ Ибраимов құрылыс жұмыстарының қарқынын бәсеңдетпей, барлық кезеңнің уақытылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ вокзал маңының көркейтілуі ауданның келбетіне оң әсер ететінін айтып, тиісті бөлімдерге келісілген жұмыстарды дер кезінде үйлестіруді міндеттеді.