Қызылордада 1500 орындық «Келешек мектебі» ашылды

1 555

Фото: Қызылорда облысының әкімдігіҚызылорда қаласының СПМК-70 шағын ауданында 1500 орынға арналған жаңа форматтағы «Келешек мектебі» салтанатты түрде ашылды. Заманауи талаптарға сай бой көтерген білім нысанының ашылу рәсіміне ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мұрат Ергешбаев, өңірдің құқық қорғау органдарының басшылары, зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары қатысты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Шара барысында аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев жиналған қауымды жаңа мектептің ашылуымен құттықтап, оның өңірдегі білім беру саласы үшін маңыздылығын атап өтті.

– «Президентіміз «Баланың бәрі бірдей. Ауыл баласы мен қала баласының білім алу мүмкіндігі тең болуы керек» деп атап өткен болатын. «Келешек мектептері» жобасы — осы міндеттің нақты орындалуының жарқын көрінісі. Бәсекеге қабілетті, жаңа дәуірге бейім, озық ойлы ұрпақты тәрбиелеу – біздің стратегиялық мақсатымыз. Жаңа мектеп оқушыларға сапалы білім алып, үлкен арманға ұмтылуға жол ашады», – деді аймақ басшысы.

Білім саласына тарихи көлемде қаржы бөлінуде

Соңғы жылдары Сыр өңірінде білім беру инфрақұрылымын жаңарту бойынша ауқымды жобалар жүзеге асуда. Облыстың білім беру саласына соңғы үш жылда 812 млрд 245 млн теңге, оның ішінде биыл 346 млрд 800 млн теңге бағытталған.

Өткен жылы 31 млрд 800 млн теңгеге 13 жаңа білім беру ұйымы ашылды. Бұл көрсеткіш облыстың демографиялық өсіміне, жаңа шағын аудандардың дамуына байланысты білім нысандарына деген қажеттілікті айтарлықтай төмендетті.

«Келешек мектептері» ұлттық жобасының өңірдегі нәтижесі

Қызылорда облысында ұлттық жоба аясында 54 млрд 391 млн теңгеге 10 жаңа мектеп тұрғызылды. Сонымен қатар 2023 жылдан бері 5 млрд 700 млн теңгеге 9 мектепке қосымша ғимарат салынды.

Бұл жұмыстардың нәтижесінде өңірдегі үш ауысымдық мектептер мәселесі толық шешімін тапты.

Еңбегі еленген ұстаздар мен құрылысшылар марапатталды

Салтанатты шарада жаңа мектептің құрылыс сапасына үлес қосқан мердігер мекеме өкілдері мен облыстың білім беру жүйесін дамытуға атсалысқан ұстаздар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Шараға қатысқан ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов және мемлекет және қоғам қайраткері, Қызылорда облысының құрметті азаматы Мұрат Бақтиярұлы жиналған қауымды құттықтап, жаңа мектептің өңір болашағы үшін маңызын атап өтті.

Жаңа білім ордасы – жаңа мүмкіндіктер бастауы

1500 орындық «Келешек мектебі» STEM зертханаларымен, IT-сыныптармен, робототехника орталығымен, заманауи спорт кешенімен, кітапхана мен коворкинг аймағымен жабдықталған. Мектеп «Keleşek School» жаңа білім беру моделін енгізуді көздейді.

Жаңа оқу орны Қызылорда жастарының сапалы білім алып, шығармашылық, ғылыми және спорттық бағыттарда дамуына зор мүмкіндік береді.