Өткен жылы Қызылорда облысында 56 әкім жаңадан сайланды. Олардың 30-ы саяси партиялар атынан ұсынылса, қалғандары өзін өзі ұсынған үміткерлер болды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Облыстық сайлау комиссиясының мәліметінше, тікелей сайлау жүйесі енгізілгелі бері өңірде әкімдер сайлауы тұрақты әрі белсенді түрде өтіп келеді.
— 2021 жылдан бастап бүгінге дейін 206 әкім сайлауы өтті. Жаңадан сайланған әкімдердің 103-і бұрын ауылдық округ әкімі қызметін атқарған болса, 103-і бұл қызметке алғаш рет келді. Былтыр өткен 56 сайлаудың 41-інде әкімдердің өкілеттік мерзімі аяқталуына байланысты дауыс беру ұйымдастырылды. Ал қалған 15 жағдайда өкілеттілік мерзімінен бұрын тоқтатылған, — деді облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Әділбек Ерсұлтанов.
Қазіргі уақытта облыста аудандық маңызы бар кенттер мен ауылдық округтерде барлығы 146 әкім қызмет атқаруда. Оның 143-і ер азамат болса, 3-і әйел адам. Аталған әкімдердің 69-ы саяси партиялар арқылы сайланған, қалғандары өзін өзі ұсынған.
— Әкімдер сайлауы биыл да жалғасады. Заң талаптарына сәйкес әкімдер төрт жыл мерзімге сайланады. 2026 жылы 29 кент пен ауылдық округ әкімінің өкілеттік мерзімі аяқталады. Осыған байланысты биыл 29 ауыл әкімінің сайлауы өтеді. Оның ішінде 3-еуі Қызылорда қаласында, 3-еуі Арал ауданында, 5-еуі Қазалыда, 6-еуі Жалағашта, 2-еуі Сырдарияда, 7-еуі Шиеліде және 3-еуі Жаңақорған ауданында ұйымдастырылады, — деді комиссия төрағасы.
Алғашқы сайлау 8 ақпан күні Сырдария ауданында өтеді. Бұл күні аудан орталығының тұрғындары Тереңөзек кентінің әкімін сайлайды.