Қызылордада діни ағымды ұстанушы әйеліне психикалық қысым көрсеткен
Облыстық полиция департаменті үй-үйді аралап, тұрғындарға өмірлік қиын жағдай ұғымын, әлеуметтік көмек түрлері мен оны алу тәртібін түсіндірді,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Kaz.inform.kz сайтына сілтеме жасап.
Қызылордада өткізілген профилактикалық рейдтік іс-шаралар аясында тұрмыстық құқықбұзушылықтардың алдын алу және халықтың әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыруға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізілді.
Ведомство мәліметінше, шара барысында полиция қызметкерлері бір күннің өзінде 300-ге жуық рейд ұйымдастырған. Нәтижесінде профилактикалық есепте тұрған 150-ге жуық азаматтың және тұрмысы төмен, қолайсыз отбасылардың үйлеріне барып, құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар 250-ге жуық түрлі құқықбұзушылық анықталып, 82 адам профилактикалық есепке алынған. Рейд барысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың бір дерегі тіркелді. Қалалық полиция басқармасының қоғамдық қауіпсіздік бөлімі психологиялық қысым көрсету фактісін анықтаған.
Облыс орталығында тұратын діни ағымды ұстанушы отбасы мүшесі өзінің жұбайына «намазың қабыл болмайды», «жаннатқа кірмейсің», «ерінің разылығын алмаған адамның құлшылығы қабыл болмайды» деген сияқты сөздермен қысым көрсетіп, жәбірленушінің психикалық денсаулығының бұзылуына әкелетін әрекет жасаған. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес қызмет бөлімшесі агрессормен және жәбірленушімен жеке қабылдау өткізіп, отбасы құндылығы, азаматтың жеке құқығы туралы түсіндіріп, психологиялық кеңес беріп жатыр, - делінген басқарма мәліметінде.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп, жағдай бақылауға алынған. Мамандар мұндай әрекеттердің алдын алу үшін тұрғындармен жүйелі түрде профилактикалық және түсіндіру шаралары жалғасатынын атап өткен. Сондай-ақ құқық қорғау органдары азаматтарға тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған жағдайда дереу тиісті органдарға хабарласу қажеттігін ескертеді. Мұндай жағдайларда 111 нөмірлі ұлттық сенім телефонына немесе 102 нөміріне жүгінуге болады.







