ИНКЛЮЗИВТІ САЯСАТ – ИГІЛІК ҚАДАМЫ АТТЫ МӘЖІЛІС ӨТТІ
Бүгін Үкімет отырысының қорытындысынан кейін облыс әкімінің төрағалығымен арнайы мәжіліс өтіп, өңірде инклюзивті саясатты іске асыру мәселелері жан-жақты талқыланды. Аталған жиында айқындалған міндеттерді нақтылау мақсатында қала әкімдігінде шаһар басшысы Нұржан Ахатов тиісті сала жетекшілерімен кеңес өткізіп, бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.
Мәжіліс барысында инклюзивті саясатты жүзеге асырудың негізгі бағыттары айқындалып, ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға қолайлы жағдай жасау, олардың қоғам өміріне толыққанды араласуын қамтамасыз ету мәселелері кеңінен қаралды. Әсіресе, 2025–2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасын тиімді іске асыру, мүгедектікті белгілеу рәсімдерін толық цифрландыру және барлық инфрақұрылым нысандарында кедергісіз орта қалыптастыру өзекті міндет ретінде атап өтілді.
Қала әкімі өз сөзінде бұл бағыттағы жұмыстардың тек формалды сипатта емес, нақты нәтижеге бағытталуы керектігін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, инклюзивті орта қалыптастыру – тек әлеуметтік саясаттың бөлігі ғана емес, жалпы қоғамның өркениеттілігін көрсететін маңызды көрсеткіш.
– Инклюзивті саясатты іске асыру тұжырымдамасында көзделген кешенді шаралар сапалы әрі уақытылы орындалуы
тиіс. Барлық жауапты мекемелер өзара үйлесімді жұмыс жүргізіп, деректер базаларын біріктіру, цифрлық шешімдерді енгізу бағытында нақты нәтижеге қол жеткізуі қажет. Әрбір шешім ашықтық пен әділдік қағидаттарына негізделуі керек, – деді Нұржан Сәбитұлы.
Бүгінде қалада мүгедектігі бар азаматтарды қоғам өмірінің барлық саласына тарту мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын бейімдеу, қоғамдық көліктердің қолжетімділігін арттыру, білім беру ұйымдарында инклюзивті оқыту жүйесін дамыту, сондай-ақ жұмыспен қамту бағытында арнайы бағдарламаларды іске асыру қолға алынған.
Айта кету керек, 2025–2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасы – ерекше қажеттіліктері бар адамдардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды стратегиялық құжат. Бұл құжат аясында 50-ден астам кешенді шара қарастырылған. Олардың қатарында денсаулық сақтау, білім беру, жұмыспен қамту, әлеуметтік қорғау және қоғамдық ортаға бейімдеу бағыттары қамтылған.
Сонымен қатар, тұжырымдама мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге, оларды еңбек нарығына тартуға, кәсіпкерлікпен айналысуына қолдау көрсетуге және қоғамда тең мүмкіндіктер қалыптастыруға бағытталған.
Жиын қорытындысында қала әкімі барлық жауапты сала басшыларына нақты міндеттер жүктеп, олардың орындалуы тұрақты бақылауда болатынын ескертті. Сонымен бірге, инклюзивті саясатты іске асыруда мемлекеттік органдар мен қоғам өкілдерінің бірлескен жұмысы аса маңызды екені айтылды.
Жалпы, инклюзивті саясат – қоғамның әрбір мүшесіне тең мүмкіндік беруге бағытталған ізгі бастама. Мұндай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың өмір сапасы жақсарып, олардың қоғамдағы белсенділігі арта түседі.







