ҚЫЗЫЛОРДАДА 240 ПӘТЕРЛІК 6 КӨПҚАБАТТЫ ТҰРҒЫН ҮЙ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

1 509

ҚЫЗЫЛОРДАДА 240 ПӘТЕРЛІК 6 КӨПҚАБАТТЫ ТҰРҒЫН ҮЙ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Отан қорғаушылар күні қарсаңында Қызылорда қаласында тұрғын үй саласында маңызды оқиға орын алды. Қаланың сол жағалауында бой көтерген 240 пәтерлік 6 көпқабатты тұрғын үй кешені салтанатты түрде пайдалануға беріліп, жаңа қоныс иелеріне табысталды. Қоныс тойына арналған рәсімге қала әкімі Нұржан Ахатов қатысып, тұрғындарды қуаныштарымен құттықтады. Сонымен қатар, жиынға мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер мен ел ағалары арнайы келді.

Салтанатты шара барысында қала әкімі Мемлекет басшысының тұрғын үй саясатына қатысты тапсырмаларына тоқталып өтті. Президент өз Жолдауында тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру, әсіресе әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарды баспанамен қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі екенін атап өткен болатын. Осы бағытта Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың үйлесімді жұмысының нәтижесінде Қызылорда қаласында ауқымды жобалар жүзеге асырылып келеді.

Биылғы жылдың өзінде шаһарда тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жыл басынан бері 655 отбасы жаңа пәтерге қол жеткізіп, қоныс тойын атап өтті. Жыл соңына дейін тағы 1 581 пәтер пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Жалпы, 2026 жылы тұрғын үй құрылысына бюджеттен шамамен 58 млрд теңге бөлініп, бұл қаржыға 31 көпқабатты тұрғын үй салынуда. Оның ішінде 945 пәтер ипотекалық бағдарлама арқылы ұсынылса, 1336 пәтер әлеуметтік осал топтарға арналған.

Айта кету керек, соңғы жылдары Қызылорда қаласының сәулеттік келбеті айтарлықтай өзгеріп келеді. Қалада заманауи үлгідегі 7, 9 және 12 қабатты тұрғын үйлер бой көтеріп, инфрақұрылымы дамыған жаңа шағынаудандар қалыптасуда. Бүгін пайдалануға берілген тұрғын үй кешендері де осы талаптарға сай салынған. Жалпы құны 4 млрд 500 млн теңгені құрайтын кешеннің аумағы 15 600 шаршы метрді қамтиды. Құрылыс жұмыстарын өңірде көп жылдан бері табысты еңбек етіп келе жатқан жергілікті мердігер мекемелер жүзеге асырған.

Қала әкімі өз сөзінде жаңа қоныс иелеріне ақжарма тілегін білдіріп:

«Қоныстарыңыз құтты болсын! Шаңырақтарыңызға шаттық пен береке орнап, балалардың күлкісі толастамасын. Баршаңызға амандық, бірлік пен татулық тілеймін. Еліміздің іргесі берік, Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын!» – деді.

Іс-шара барысында тұрғын үйлердің сапалы әрі уақытылы салынуына үлес қосқан құрылысшылар облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Бұл олардың еңбегіне берілген лайықты құрмет болды.

Сондай-ақ, жиында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев сөз сөйлеп, ел игілігі жолында атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары бағасын берді. Ол тұрғындарды жаңа баспанамен құттықтап, мұндай игі бастамалардың алдағы уақытта да жалғасын табуына тілектестігін білдірді.

Жалпы, бұл жобалар өңірдегі әлеуметтік мәселелерді шешуге, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға және тұрғын үйге деген сұранысты азайтуға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Алдағы уақытта да Қызылорда қаласында тұрғын үй құрылысы қарқынын бәсеңдетпей, жаңа жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда.