ҚЫЗЫЛОРДАДА ЗАМАНАУИ САУДА-ЛОГИСТИКАЛЫҚ ОРТАЛЫҚ ҚҰРУ ЖОСПАРЛАНУДА

1 506

ҚЫЗЫЛОРДАДА  ЗАМАНАУИ САУДА-ЛОГИСТИКАЛЫҚ ОРТАЛЫҚ ҚҰРУ ЖОСПАРЛАНУДА

Қызылорда облысында өңірдің экономикалық және транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған ірі инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Осыған байланысты облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сыр өңіріне арнайы іссапармен келген Vana International Holding халықаралық компаниясының өкілдерімен кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар әуе көлігі инфрақұрылымын дамыту, оны сенімгерлік басқаруға беру арқылы басқарудың заманауи тетіктерін енгізу, сондай-ақ халықаралық стандарттарға сай келетін тиімді логистикалық хаб қалыптастыру мәселелерін жан-жақты талқылады. Нәтижесінде Қызылорда облысының әкімдігі мен аталған компания арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат алдағы уақытта бірлескен жобаларды жүзеге асыруға негіз болады.

Жоспарланған сауда-логистикалық орталық өңір үшін стратегиялық маңызға ие. Ол Қызылорда облысының ішкі және халықаралық көлік дәліздерімен тиімді байланысын қамтамасыз етіп, транзиттік мүмкіндіктерін айтарлықтай арттыруға жол ашады. Сонымен қатар, жоба аймақтың инвестициялық тартымдылығын күшейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға, шағын және орта бизнестің дамуына серпін береді.

Айта кету керек, өңірде соңғы жылдары көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Соның айқын дәлелі – 2024 жылғы 12 қарашада Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің қатысуымен Қорқыт Ата әуежайы жаңа жолаушылар терминалының пайдалануға берілуі. Заманауи талаптарға толық сай келетін бұл нысан өңірдің әуе көлігі инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтерді.

Қазіргі таңда әуежайдан аптасына 28 тұрақты рейс орындалады. Оның ішінде елорда Астана қаласына 20 рейс, ал Алматы қаласына 8 рейс жүзеге асырылады. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында әуежай қызметін пайдаланған жолаушылар саны 47,6 мың адамға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 58,5 пайызға артқан. Бұл көрсеткіштер өңірде әуе тасымалына деген сұраныстың тұрақты өсіп келе жатқанын айғақтайды.

Сонымен қатар, жүк тасымалы көлемінің ұлғаюы да Қызылорда облысының логистикалық әлеуетінің артып келе жатқанын көрсетеді. Осы үрдістерді ескере отырып, жаңа сауда-логистикалық орталық құру бастамасы уақыт талабына толық сай келеді.

Жоба іске асырылған жағдайда Қызылорда облысы тек аймақтық деңгейде ғана емес, республикалық және халықаралық маңызы бар көлік-логистикалық тораптардың біріне айналуы мүмкін. Бұл өз кезегінде тауар айналымын арттырып, экспорттық әлеуетті күшейтуге, сондай-ақ халықаралық сауда ағындарын тиімді бағыттауға мүмкіндік береді.

Жалпы, жоспарланып отырған сауда-логистикалық орталық – бұл тек инфрақұрылымдық жоба емес, өңір экономикасының жаңа драйверіне айналатын, инвестиция тартуға және экономиканы әртараптандыруға бағытталған стратегиялық бастама. Алдағы уақытта мұндай жобалардың жүзеге асуы Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріп, халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді деп күтілуде.