ҚАЗАЛЫДА ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫНЫҢ АРДАГЕРІ СМАҒҰЛ ҚАБАҚТЫ ЕСКЕ АЛУҒА АРНАЛҒАН ШАХМАТ ТУРНИРІ ӨТТІ

1 508

ҚАЗАЛЫДА ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫНЫҢ АРДАГЕРІ СМАҒҰЛ ҚАБАҚТЫ ЕСКЕ АЛУҒА АРНАЛҒАН ШАХМАТ ТУРНИРІ ӨТТІ

Қазалы ауданына қарасты Бекарыстан би ауылындағы спорт кешенінде Ұлы Отан соғысының ардагері, Еңбек ардагері, Қазалы ауданының Құрметті азаматы, «Мерейлі отбасы» республикалық конкурсының жеңімпазы, ғасыр жасаған майдангер Смағұл Қабақты еске алуға арналған шахматтан аудандық ашық турнирдің салтанатты ашылуы өтті. Тағылымы мол спорттық шара Ұлы Жеңіс күні мерекесі аясында ұйымдастырылып, ел қорғаған ерлердің ерлігін ұлықтауға, кейінгі ұрпаққа патриоттық тәрбие беруге бағытталды.

Дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан турнирге аудан тұрғындары, ардагерлер, спорт жанашырлары, зиялы қауым өкілдері және аймақтың әр ауданынан келген шахматшылар қатысты. Шараның басты мақсаты – ел үшін от кешкен майдангердің өмір жолын насихаттап, оның өнегелі ғұмырын жас ұрпаққа үлгі ету, сондай-ақ шахмат спортын дамыту мен жастар арасында зияткерлік ойындарды кеңінен дәріптеу болды.

Турнирдің ашылу рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетов қатысып, жарысқа жиналған көпшілікті Ұлы Жеңіс күні мерекесімен және турнирдің ашылуымен құттықтады. Ол өз сөзінде Смағұл Қабақтың майдан даласындағы ерлігі мен бейбіт өмірдегі еңбегі туралы кеңінен айтып өтті.

– Смағұл Қабақ – ел басына күн туған қиын кезеңде Отан үшін от кешкен ержүрек азаматтардың бірі. Ол кісінің майдан даласындағы батырлығы мен бейбіт өмірдегі адал еңбегі кейінгі ұрпақ үшін үлкен өнеге. Осындай тағылымды шаралар арқылы біз ардагерлеріміздің ерлігін ұлықтап, жастардың бойына отансүйгіштік қасиетті сіңіреміз, – деді аудан әкімінің орынбасары.

Сонымен қатар ол шахмат ойыны адамның ойлау қабілетін дамытатын, сабыр мен зеректікке тәрбиелейтін маңызды спорт түрі екенін айтып, турнирге қатысушыларға сәттілік тіледі.

Шара барысында Қазалы ауданының Құрметті азаматы, медицина саласының ардагері Құлпыбай Ысқақов сөз сөйлеп, Смағұл Қабақпен бірге өткен жылдардағы естеліктерімен бөлісті. Ол майдангердің қарапайымдылығы, адамгершілігі және елге деген жанашырлығы жөнінде тебірене әңгімеледі.

Сондай-ақ майдангердің ұрпақтары сөз алып, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, ардақты әкенің өмір жолын ұлықтап жатқан игі шараның мәні ерекше екенін айтты. Ардагердің тәрбиесін көріп өскен ұрпақтары оның елге қызмет етуді, адал еңбек етуді үнемі өсиет еткенін жеткізді.

Шарада медицина саласының ардагері Сержан Берденұлы да сөз сөйлеп, турнирге қатысушыларға ізгі тілегін білдіріп, ақ батасын берді. Ол жастардың спортқа, әсіресе ой-сананы дамытатын шахмат секілді зияткерлік ойындарға қызығушылығы артып келе жатқанын атап өтті.

Турнирдің ашылу салтанаты ұлттық нақыштағы көркем бағдарламамен басталды. Өнерпаздар патриоттық әндер орындап, қатысушыларға ерекше рухани әсер сыйлады. Сонымен қатар қатысушы командалар таныстырылып, әр ауданнан келген шахматшыларға құрмет көрсетілді.

Шара барысында айтыскер ақын, «Күміс домбыра» иегері Бексұлтан Орынбасаров арнайы арнау айтып, жиналған көпшілікке рухани кеш сыйлады. Ақын өз жырында Смағұл Қабақтың елге сіңірген еңбегін, ерлік жолын және өнегелі ғұмырын жырға қосып, жастарды елін сүюге, үлкенді құрметтеуге үндеді.

Биыл үшінші мәрте ұйымдастырылып отырған дәстүрлі шахмат турниріне аймақтың барлық аудандарынан 100-ге жуық шахматшы қатысуда. Жарысқа түрлі жас санатындағы ойыншылар қатысып, өзара бақ сынауда. Турнирдің жоғары деңгейде ұйымдастырылуы қатысушылар тарапынан оң бағасын алды.

Шахмат – тек спорт қана емес, ол адамның ойлау жүйесін жетілдіретін, сабырлылық пен төзімділікке тәрбиелейтін интеллектуалдық ойын. Сондықтан мұндай жарыстардың жастар тәрбиесінде алар орны ерекше. Ұйымдастырушылардың айтуынша, турнирдің басты мақсаты – жастарды салауатты өмір салтына баулу, шахмат спортына қызығушылықты арттыру және ел тарихындағы тұлғалардың өмір жолын насихаттау.

Жарыс екі күнге жоспарланған. Қатысушылар өзара бірнеше кезең бойынша бақ сынап, үздіктер арнайы марапатталмақ. Турнирдің қорытындысы ертең белгілі болады.

Смағұл Қабақ 1923 жылы Қазалы ауданының Бекарыстан би ауылында дүниеге келген. Жастайынан еңбекке араласқан ол ел басына күн туған шақта майданға аттанып, Ұлы Отан соғысына қатысқан. Майдан даласында көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін түрлі әскери марапаттарға ие болды. Соғыс кезінде жараланып, кейін елге оралған ардагер бейбіт өмірде де туған жерінің дамуына зор үлес қосты.

Соғыстан кейін ұзақ жылдар білім және қаржы саласында абыройлы еңбек етіп, елдің әлеуметтік дамуына атсалысты. Өзінің кәсіби біліктілігімен, адамгершілік қасиетімен және еңбекқорлығымен көпшілікке сыйлы болды.

Смағұл Қабақ зайыбы Күлжахан апамен бірге 10 бала тәрбиелеп өсіріп, өнегелі әулеттің берекелі тірегіне айналды. Балалары мен немере-шөберелеріне ұлттық тәрбие мен адамгершілік құндылықтарды дәріптеп, үлкен өмір мектебін көрсетті.

2023 жылы Смағұл Қабақтың отбасы отбасы құндылықтарын насихаттауға қосқан үлесі үшін «Мерейлі отбасы» республикалық конкурсының жеңімпазы атанып, ел құрметіне бөленді. Бұл – олардың берекелі отбасы, өнегелі әулет ретінде қоғамдағы жоғары беделінің айғағы болды.

Ардагер Ұлы Отан соғысындағы ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз», ІІ және ІІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, сондай-ақ бірнеше мерекелік медальдармен марапатталған. Оның өмір жолы – елге адал қызмет етудің, Отанға деген шексіз сүйіспеншіліктің жарқын үлгісі.

Бүгінде Смағұл Қабақтай майдангерлердің ерлігі мен еңбегі ұрпақ жадында мәңгі сақталады. Осындай тағылымды шаралар арқылы ел тарихындағы ардақты тұлғалардың есімі ұлықталып, жас буынға патриоттық тәрбие берудің маңызы арта түсуде.

Жалпы, Бекарыстан би ауылында өткен бұл шахмат турнирі тек спорттық жарыс қана емес, елге еңбегі сіңген азаматтың рухына тағзым етуге арналған тағылымды шара ретінде көпшілік жадында қалды.