ҚЫЗЫЛОРДАДА БІР АЙДА 82 АДАМ ЕСІРТКІМЕН ҰСТАЛҒАН

2 511

Фото: © Жасанды интеллектпен жасалған Қызылордада есірткі енді жасырын дерт емес қоғамның қабырғасын қайыстырған ашық қасіретке айналып барады. Бір айдың ішінде 82 адамның наркологиялық есепке алынған, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі.

 Әр тіркелген адамның артында түн ұйқысын төрт бөлген ата-ана, тағдыры тас-талқан болған отбасы, үміті өшкен өмір тұр. Ең сорақысы бұл улы індеттің жастардың санасына дендеп енуі. Ресми дерек бойынша 2026 жылдың сәуір айында облыс бойынша наркологиялық есепке 82 адам тіркелген. Бұл – небәрі бір айдың көрсеткіші. Бір айда 82 адам. Бұл қалыпты көрсеткіш емес. Бұл – қоғамның іштен іріп бара жатқанының белгісі.

 Тіркелгендердің басым бөлігі Қызылорда қаласының үлесінде. Облыс орталығында бір айдың ішінде 60 адам наркологиялық есепке алынған. Ал аудандарға келетін болсақ, олардың да жағдайы алаңдатарлық. Арал ауданынан – 4, Қазалы ауданынан – 2, Қармақшы ауданынан – 3, Жалағаш ауданынан – 3, Шиелі ауданынан – 3, Жаңақорған ауданынан – 7 адам есепке алынған.

 Бұл тек ресми тіркелгендер ғана. Ал тіркелмегені қаншама? Есірткіні жасырын қолданатындар, тәуелді екенін мойындамай жүргендер, интернет арқылы тапсырыс беріп жүрген жастар қанша? Міне, нағыз қорқыныш осында.

 Қоғам қазір жаңа бір үнсіз апаттың ішінде өмір сүріп жатқандай. Бұрын есірткі дегенде жұрт алыс бір ортаны елестететін. Қазір ол мектептің жанында, ауланың ішінде, телефон экранының ар жағында жүр. Синтетикалық улы заттар интернет арқылы еркін таралып, жастарды торына түсіріп жатыр. Бір ғана “закладка” үшін талай жас өз өмірін, болашағын, ата-анасының үмітін сатып жіберуде. Ең ауыры – бұл індеттің жасарып бара жатқаны. Бүгін есірткіге тәуелді болған жас ертең қоғамға қауіп төндіретін, психологиясы бұзылған, өмірден түңілген адамға айналуы әбден мүмкін. Бұл енді бір адамның мәселесі емес. Бұл – тұтас ұлттың қауіпсіздігіне төнген қатер.

 Ал қоғам ше? Қоғам үнсіз. Бірі “маған қатысы жоқ” деп қарайды. Бірі статистикаға айналған қайғыға ет үйретіп алған. Ал сол аралықта есірткі жас ұрпақтың санасын, денсаулығын, болашағын жеп жатыр. Мәселені тек жауапты мекемелерге ысыра салумен бұл індет тоқтамайды. Себебі есірткімен күрес оңай шешілетін шаруа емес. Бұл – отбасыдан басталатын, мектепте жалғасатын, бүкіл қоғам болып қарсы тұратын майдан.

 Бірақ өкінішке қарай, көбіміз мәселенің ауқымын кеш түсініп жатырмыз. Егер бір айда 82 адам тіркелсе, бір жылда қанша адам тәуелдіге айналады? Ертең бұл сан екі есе өссе не болады? Қоғам бұған дайын ба?