ТӨРЕТАМ КЕНТІНДЕГІ СУ МӘСЕЛЕСІ ТҰРАҚТЫ БАҚЫЛАУДА
ТӨРЕТАМ КЕНТІНДЕГІ СУ МӘСЕЛЕСІ ТҰРАҚТЫ БАҚЫЛАУДА
Байқоңыр қаласы мен Төретам кенті аумағындағы су беру жүйесінде жүргізіліп жатқан техникалық жұмыстарға байланысты Төретам кентінің бірқатар көшелері мен әлеуметтік нысандарында ауыз су беру көлемінде уақытша шектеулер орын алған.
Аталған жағдайға байланысты аудан әкімінің тапсырмасымен аудан әкімі аппаратының басшысы Ермек Сәтбаев арнайы Төретам кентіне барып, су жүйесінің қазіргі ахуалын жергілікті жерде бақылады.
Жұмыс сапары барысында кент әкімі, жауапты коммуналдық сала мамандары және Байқоңыр қаласының тиісті мекеме өкілдерімен бірлескен жиын өткізіліп, су беру жүйесіндегі ақауды жою және жағдайды тұрақтандыру бағытындағы нақты шаралар талқыланды.
Тараптар су құбыры желісінде туындаған техникалық ақауды жедел қалпына келтіру, қысым жүйесін реттеу және тұрғындарға үздіксіз су беру мәселесін кезең-кезеңімен шешу жолдарын қарастырды.
Қазіргі таңда тиісті мекемелер тарапынан қалпына келтіру жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Инженерлік желілерді жөндеу және қайта іске қосу бағытындағы жұмыстар тәулік бойы бақылауға алынған.
Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар нысандар мен тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында арнайы су
тасымалдайтын техникалар арқылы су жеткізу ұйымдастырылып отыр. Бұл уақытша шара халықтың күнделікті тұрмысына қолайсыздықты барынша азайтуға бағытталған.
Аудн басшылығы жағдайды тұрақты бақылауға алып, жауапты мекемелерге жұмыстарды жеделдету, сапалы орындау және тұрғындармен тұрақты кері байланыс орнату жөнінде нақты тапсырмалар берді.
– Ең бастысы – тұрғындарды үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз ету. Барлық жұмыстар қатаң бақылауда болуы тиіс. Мәселе толық шешілгенге дейін тиісті мекемелер тәулік бойы жұмыс істеуі қажет, – деп атап өтілді тапсырма барысында.
Су – халық тіршілігінің негізгі көзі болғандықтан, аталған мәселені толық әрі тұрақты шешу аудан басшылығының ерекше бақылауында тұр. Қазіргі уақытта жағдайды қалыпқа келтіру және жүйені толық тұрақтандыру бағытында барлық қажетті шаралар қабылдануда.
Тұрғындардың қауіпсіздігі мен әлеуметтік жағдайын қамтамасыз ету мақсатында жұмыстар алдағы уақытта да үздіксіз жалғасатын болады. Барлық жауапты органдарға мәселені қысқа мерзімде шешу және нәтижесін тұрақты бақылауда ұстау міндеті жүктелді.
Аудан әкімдігі су беру жүйесіндегі жағдай толық реттелгенге дейін ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тұрғындарды шынайы және жедел ақпаратпен қамтамасыз ететін болады.
ТӨРЕТАМ КЕНТІНДЕГІ СУ МӘСЕЛЕСІ БАРЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕ ТҰРАҚТЫ БАҚЫЛАУДА.
@Қармақшы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі







