ҚАЗАЛЫ АУДАНЫНДАҒЫ ҚАРЛАН КӨПІРІНІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРУДЕ
Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов аудандық маңызы бар «Қазалы–Қожабақы–Бозкөл–Кәукей» автомобиль жолының 16 шақырымында орналасқан «Қарлан» көпірі құрылысының барысымен танысты. Нысан басына арнайы барған аудан басшысы құрылыс жұмыстарының сапасы мен орындалу мерзімін бақылап, жауапты мердігер мекеме өкілдерімен кездесті.
Аталған жоба аудан тұрғындары үшін аса маңызды инфрақұрылымдық нысандардың бірі саналады. Өйткені көпір құрылысы аяқталғаннан кейін бірнеше ауылдық елді мекеннің өзара қатынасы жақсарып, аудан орталығымен байланыс нығая түседі. Сонымен қатар тұрғындардың қатынауына қолайлы жағдай жасалып, әлеуметтік және экономикалық байланыстардың артуына мүмкіндік туады. Қазіргі таңда жоба аясында құрылыс алаңында көпірдің негізгі тірек бөліктерін орнату және бетонтіреулерін құю жұмыстары жүргізілуде. Мамандардың мәліметінше, бүгінде 84 дана свай қағу жұмыстары толық аяқталған. Бұл көпір құрылысының негізгі әрі маңызды кезеңдерінің бірі болып саналады. Сонымен қатар жалпы жоспарланған 8 тіреудің 4-еуі орнатылып, қалған тіреулер бойынша жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасуда.![]()
Құрылыс жұмыстары бекітілген өндірістік кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Нысанда көпірдің беріктігі мен сапасын қамтамасыз ету мақсатында арнайы техникалар мен құрылыс материалдары пайдаланылуда. Сондай-ақ құрылыс алаңында қауіпсіздік талаптарының сақталуына да ерекше көңіл бөлінген. Жобаның жалпы құны 6 млрд 746 млн теңгені құрайды. Оның ішінде биылғы жылға құрылыс жұмыстарын жүзеге асыру үшін 2 млрд 210 млн теңге қаржы қарастырылған. Бөлінген қаржы көпірдің негізгі құрылыс жұмыстарын жүргізуге, қажетті материалдар алуға және инфрақұрылымдық жүйелерді орнатуға бағытталуда.
Аудан әкімі құрылыс алаңында мердігер мекеме – НұрлыТау ЛТД жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілдерімен кездесіп, атқарылып жатқан жұмыстардың барысын талқылады. Кездесу барысында аудан басшысы құрылыс сапасына ерекше мән беру қажеттігін айтып, нысанды белгіленген мерзімде пайдалануға беру бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар аудан әкімі құрылыс қарқынын бәсеңдетпеуді, барлық жұмысты сапалы әрі уақытылы орындауды тапсырды. Оның айтуынша, көпір құрылысы аудан тұрғындары үшін аса маңызды жоба болғандықтан, әрбір жұмыс кезеңі қатаң бақылауда болуы қажет. Сондай-ақ құрылыс барысында техникалық талаптардың толық сақталуы мен қауіпсіздік ережелерінің орындалуы назардан тыс қалмауы тиіс екені ескертілді.![]()
Сырдария өзені арқылы салынып жатқан көпір өткелінің жалпы ұзындығы 2,5 шақырымды құрайды. Оның ішінде негізгі көпірдің ұзындығы 248,29 метр болса, кірме жолдың ұзындығы 2,3 шақырымға жетеді. Жоба аясында заманауи талаптарға сай жарық бағаналары орнатылып, жол инфрақұрылымы толық қамтылатын болады. Бұл өз кезегінде тұрғындардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бүгінде құрылыс алаңында 14 арнайы техника мен 25 жұмысшы жұмылдырылған. ![]()
Арнайы техникалардың көмегімен бетон құю, темір конструкцияларын орнату және жер жұмыстары қатар жүргізілуде. Құрылысшылар күнделікті белгіленген жоспарға сәйкес жұмыстарды қарқынды түрде атқаруда. Аудан басшысы құрылыс нысанын аралау барысында жауапты мамандардан жобаның орындалу барысы жөнінде толық ақпарат алып, туындауы мүмкін мәселелерді алдын ала шешу қажеттігін айтты. Сонымен қатар құрылыс материалдарының сапасы мен жұмысшылардың еңбек жағдайына да ерекше көңіл бөлуді тапсырды. Айта кетейік, «Қарлан» көпірінің құрылысы аяқталғаннан кейін Өркендеу, Бірлік, Қожабақы, Аранды, Бозкөл, Тасөткел, Лақалы, Ажар, Тасарық және Кәукей елді мекендерінде тұратын 10 мыңнан астам халықтың қатынауы жеңілдейді. Бұған дейін тұрғындар жол қатынасында бірқатар қиындықтарға тап болып келген болса, жаңа көпір іске қосылғаннан кейін аудан орталығына және өзге де елді мекендерге қатынау уақыты қысқарады. Сонымен қатар жаңа көпірдің салынуы ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдауға, кәсіпкерлік байланыстарды дамытуға және тұрғындардың әлеуметтік қызметтерге қолжетімділігін арттыруға оң әсерін тигізеді деп күтілуде. Бұл жоба өңірдің көлік инфрақұрылымын дамытудағы маңызды бастамалардың бірі саналады. Көпірдің пайдалануға берілуі арқылы өңірдегі көлік қатынасы жақсарып қана қоймай, елді мекендер арасындағы экономикалық және әлеуметтік байланыстар нығая түседі. Тұрғындардың қауіпсіз әрі қолайлы жол қатынасымен қамтамасыз етілуі – ауданның инфрақұрылымдық дамуына серпін беретін маңызды қадамдардың бірі болмақ. Жалпы алғанда, «Қарлан» көпірінің құрылысы аудан тұрғындарының көптен күткен жобаларының бірі болып табылады. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп, белгіленген мерзімде аяқтау бағытында тиісті шаралар қабылдануда. Аудан басшылығы тарапынан жоба барысы тұрақты бақылауда ұсталып, барлық жұмыстардың сапалы орындалуына баса мән берілуде.







