Жалағаш ауданында «Заң мен тәртіп»: «Құқықтық тәрбие – қауіпсіз қоғам кепілі» тақырыбында мәжіліс өтті

1 506

Қ.Қазантаев атындағы аудандық мәдениет үйінде аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен «Заң мен тәртіп», «Құқықтық тәрбие – қауіпсіз қоғам кепілі» тақырыбында кеңейтілген мәжіліс өтті. Жиынның негізгі мақсаты – қоғамдағы құқықтық мәдениетті арттыру, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және аудан аумағында қауіпсіз ортаны қалыптастыруға бағытталған профилактикалық жұмыстарды күшейту болды.                                                                                                                                 

Мәжіліске аудандық мәслихат төрағасы Өмірзақ Елеусінов, аудан прокуроры Талғат Бектұрсынов, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қармақшы аудандық бөлімшесінің бастығы Дәулет Қожақұлов, сондай-ақ аудандық бөлім басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері, ардагерлер кеңесінің мүшелері, ата-аналар комитетінің өкілдері, мектеп директорлары және білім беру ұйымдарының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты. Жиын барысында аудан әкімі Ардақ Әбдіғаппарұлы қоғамдағы заң үстемдігі мен тәртіптің маңыздылығына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, кез келген мемлекеттің тұрақтылығы мен дамуы ең алдымен заңның үстемдігіне және азаматтардың құқықтық мәдениетіне тікелей байланысты. Сондықтан әрбір тұрғын заң талаптарын құрметтеп, қоғамдық тәртіпті сақтау бағытында жауапкершілік танытуы тиіс.

Аудан әкімі өз сөзінде қазақ халқының тарихи тәрбиелік дәстүрлеріне де тоқталып өтті. «Қазақ халқы ежелден әділдік пен тәртіпті жоғары бағалаған. Дала заңын сақтап, сөз қадірін білген халқымыз ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән берген. Бүгінгі таңда да осы құндылықтарды жаңғыртып, жас ұрпақтың бойына сіңіру – баршамыздың ортақ міндетіміз», – деді Ардақ Ибраимов. Сонымен қатар ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: Заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында айтылған «Заң мен тәртіп» қағидатының қоғам үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Бұл қағидат еліміздегі қауіпсіздік пен тұрақтылықтың негізгі тірегі болып саналатынын, барлық әрекеттер заң аясында жүзеге асуы керектігін жеткізді. Аудан әкімі әсіресе жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесіне ерекше назар аударды. Оның айтуынша, бүгінгі таңда балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Сондықтан ата-аналар, мектеп ұжымы және жергілікті атқарушы органдар бірлесіп жұмыс істеуі қажет. Жиын барысында аудандық прокуратура өкілі Әділжан Оразғали «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады. Ол құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында жүргізіліп жатқан тексерулер, профилактикалық іс-шаралар және құқықтық түсіндіру жұмыстары жөнінде ақпарат берді. Сонымен қатар, алдағы кезеңде атқарылатын міндеттерге тоқталды.

Аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Мәулен Өсер құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық тәртіпті сақтау бағытында атқарылып жатқан шаралар туралы хабарлама жасады. Ол кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында рейдтік іс-шаралар күшейтіліп жатқанын атап өтті. Сондай-ақ аудандық білім бөлімінің басшысы Талғат Садықов білім беру ұйымдарында құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында жүргізіліп жатқан тәрбие жұмыстарына тоқталды. Оның айтуынша, мектептерде оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, тәртіп мәдениетін қалыптастыру және ата-аналармен тығыз байланыс орнату бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Мұхтар Белсенбаев жазғы демалыс кезеңінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды. Ол су айдындарында қауіпсіздік талаптарын сақтау, арнайы ескерту белгілерін орнату және қауіпті аймақтарды алдын ала белгілеу жұмыстарының маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, суға түсу маусымында ата-аналардың балаларды қараусыз қалдырмауы керектігі ескертілді. Жиын барысында ата-аналар комитетінің төрағасы Жомарт Әбжаппаров пен білім саласының ардагері Гүлнар Бекмолдаева да сөз сөйлеп, бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөліне кеңінен тоқталды. Олар отбасы тәрбиесінің маңыздылығын атап өтіп, баланың қауіпсіздігі мен тәртібі ең алдымен үйдегі тәрбиеге байланысты екенін жеткізді. Кеңейтілген мәжілісте қоғамдағы құқықтық мәдениетті арттыру, жастар арасындағы тәртіпті нығайту және қауіпсіз орта қалыптастыру мәселелері жан-жақты талқыланды. Қатысушылар өз пікірлерін ортаға салып, ұсыныстарын білдірді. Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Ардақ Ибраимов бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарын күшейту, түнгі уақытта ата-анасыз жүрген жасөспірімдерді анықтау мақсатында рейдтік шараларды тұрақты жүргізу, су айдындарында қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау және бақылауды күшейту тапсырылды. Сонымен қатар, жастар арасында зиянды әдеттердің алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау және құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу қажеттігі айтылды. 

Аудан басшысы бұл бағыттағы жұмыстардың тек бір реттік емес, тұрақты әрі жүйелі түрде жалғасуы керектігін ерекше атап өтті. Жиын соңында ата-аналар мен қатысушылар өз ой-пікірлерін білдіріп, қоғамдағы қауіпсіздікті күшейту бойынша ұсыныстарын ортаға салды. Ашық форматтағы пікір алмасу барысында тұрғындар тарапынан балалар қауіпсіздігі, тәрбие жұмыстары және қоғамдық тәртіпті сақтау мәселелеріне қатысты бірқатар ұсыныстар айтылды. Жалпы, өткен мәжіліс аудан аумағында құқықтық тәртіпті нығайтуға, жасөспірімдер қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және қоғамда заң үстемдігін күшейтуге бағытталған маңызды алаң болды. Алдағы уақытта мұндай профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде жалғасын тауып, аудан көлемінде кешенді жұмыстар жүргізілетін болады.

Жалағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі.