ҚАЗАЛЫ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІНІҢ АЛДЫН АЛУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ЖҰМЫСТАРДЫ ПЫСЫҚТАДЫ
ҚАЗАЛЫ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІНІҢ АЛДЫН АЛУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ЖҰМЫСТАРДЫ ПЫСЫҚТАДЫ
Қазалы ауданында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, төтенше жағдайлардың алдын алу және өрт қауіпсіздігі жүйесін жетілдіру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Әсіресе жаз мезгілінде ауа райының ыстық әрі құрғақ болуы, далалық және елді мекендер аумағында өрт қаупінің артуы мемлекеттік органдардың жауапкершілігін күшейтіп, барлық тиісті қызметтердің сақадай сай болуын талап етеді. Осыған байланысты аудан әкімі Алмасбек Есмаханов аудан аумағындағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстардың барысын арнайы аралап көріп, жауапты сала басшыларымен бірге бірқатар маңызды нысандарды аралап, дайындық деңгейін пысықтады.
Бүгінде өңірде Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі бастамашылық еткен «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында шалғай ауылдық елді мекендердегі өрт қауіпсіздігін күшейту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бағдарламаның басты мақсаты – аудан орталығынан шалғай орналасқан ауылдарда
өрт оқиғалары орын алған жағдайда алғашқы минуттарда жедел әрекет ету мүмкіндігін арттыру, материалдық шығын көлемін азайту және ең бастысы – адам өмірін сақтау.
Соңғы жылдары аудан көлемінде осы бағытта нақты нәтижелерге қол жеткізілуде. Өткен жылы аталған бағдарлама аясында Ақсуат ауылында жаңа өрт сөндіру бекеті ашылып, қажетті арнайы техникамен және құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген болатын. Биылғы жылдың маусым айында Жанқожа батыр ауылында тағы бір өрт сөндіру бекеті пайдалануға беріліп, ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды қадам жасалды. Бұл бекеттер төтенше жағдай орын алған сәтте аудан орталығынан арнайы бөлімдердің жетуін күтпей-ақ алғашқы өрт сөндіру жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар бүгінгі таңда Қызылқұм, Майдакөл, Аранды және Майлыбас ауылдық округтерінде арнайы өртке қарсы құрылымдар тұрақты жұмыс атқаруда. Аталған құрылымдар заманауи өрт сөндіру автокөліктерімен жабдықталған және олардың штаттық кестесіне сәйкес жеті қызметкерден бекітілген. Бұл азаматтар күнделікті кезекшілік атқарып, төтенше жағдайлардың алдын алу, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ қажет болған жағдайда өртті
алғашқы кезеңде ауыздықтау жұмыстарын жүзеге асырады.
Жұмыс сапары барысында аудан әкімі Алмасбек Есмаханов Қызылқұм, Майдакөл, Аранды және Майлыбас ауылдық округтеріндегі ауыл құтқарушыларымен арнайы кездесіп, олардың күнделікті қызметінің маңыздылығына тоқталды. Кездесу барысында аудандық бюджет қаражаты есебінен сатып алынған жаңа үлгідегі арнайы жауынгерлік киімдер табысталды. Заманауи талаптарға сай дайындалған бұл қорғаныс киімдері өрт сөндірушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, олардың кез келген күрделі жағдайда кәсіби міндеттерін сапалы атқаруына мүмкіндік береді.
Аудан басшысы өз сөзінде төтенше жағдайлардың алдын алу – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті. Сондықтан ауыл құтқарушылары тұрғындар арасында өрт қауіпсіздігі мәдениетін қалыптастыру, профилактикалық түсіндіру жұмыстарын күшейту және қауіпсіздік талаптарының сақталуын тұрақты бақылауда ұстауы қажеттігін айтты.
Одан кейін аудан әкімі Әйтеке би кентіндегі орталық су құбыры желісінде орналасқан өрт сөндіру гидранттарының
техникалық жай-күйімен танысты. Өрт кезінде судың үздіксіз әрі жеткілікті көлемде берілуі аса маңызды екені белгілі. Осыған байланысты гидранттардың жарамды жағдайда болуы – өртті қысқа мерзімде сөндірудің негізгі кепілі.
Нысанды аралау барысында аудан басшысы «Арал-Сарыбұлақ топтық су құбырын пайдаланушы» мекемесінің аудандық бөлімшесінің басшысына нақты тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, аудандық төтенше жағдайлар бөлімімен бірлесіп аудан аумағындағы барлық өрт сөндіру гидранттарына тұрақты техникалық тексерулер жүргізуді, анықталған кемшіліктерді жедел жоюды және олардың кез келген уақытта пайдалануға толық жарамды болуын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Сондай-ақ гидранттардың орналасқан орындарына мониторинг жүргізіп, қыс мезгілінде қатып қалудың, жаз мезгілінде техникалық ақаулардың алдын алу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізу қажеттігін айтты.
Іссапар барысында аудан әкімі Қазалы қаласындағы №15 өрт сөндіру бөліміне барып, жеке құрамның қызметімен, материалдық-техникалық базасымен және арнайы техникалардың дайындығымен танысты. Қазіргі уақытта бөлімде екі арнайы өрт сөндіру автокөлігі тәулік бойы кезекшілік атқарып, 22 кәсіби өрт сөндіруші қызмет етеді. Бөлім қызметкерлері тәулік сайын кезекшілікке түсіп, аудан көлеміндегі кез келген төтенше жағдайға жедел әрекет етуге дайын.
Өрт сөндіру бөлімінің мамандары аудан әкімін өрт сөндіру техникаларының мүмкіндіктерімен, арнайы құрал-жабдықтармен, байланыс жүйелерімен және жеке қорғаныс құралдарымен таныстырды. Сонымен қатар қызметкерлердің кәсіби даярлығы, оқу-жаттығулардың тұрақты өткізілуі және материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелері де талқыланды.
Бұдан кейін аудан басшысы «Қазалы орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесіне» барып, орман және дала өрттерінің алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Аталған мекеменің теңгерімінде қазіргі таңда екі ХТЗ-150 тракторы, бір «Беларус» тракторы, екі УАЗ автокөлігі және үш өрт сөндіру автокөлігі бар. Бұл техникалар орман және дала алқаптарында өрт шыққан жағдайда жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар алдағы уақытта мекеменің материалдық-техникалық базасы тағы бір жаңа өрт сөндіру автокөлігімен толықтырылмақ. Бұл өз кезегінде табиғи өрттердің алдын алу және оларды дер кезінде сөндіру мүмкіндігін едәуір арттырады.
Аудан әкімі арнайы техникалардың техникалық жағдайына, олардың толық жарақтандырылуына және кез келген сәтте пайдалануға дайын болуына ерекше назар аударды. Жауапты мамандарға барлық техниканың мерзімдік техникалық қызмет көрсетуден уақытылы өткізілуін, жанар-жағармай қорының жеткілікті болуын, қажетті қосалқы бөлшектермен қамтамасыз етілуін тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
Жұмыс сапарының қорытындысында аудан басшысы аудандық төтенше жағдайлар бөліміне, ауылдық округ әкімдеріне және тиісті мекеме басшыларына нақты міндеттер жүктеді. Әсіресе аудан орталығы мен барлық елді мекендерде, сондай-ақ егістік және жайылымдық, орман және далалық аумақтарда өрт оқиғалары орын алған жағдайда барлық арнайы техниканың толық дайын болуы, қызметкерлердің жедел әрекет етуі және өзара үйлесімді жұмысты қамтамасыз ету қажеттігін қатаң ескертті.
Сонымен бірге профилактикалық жұмыстарды күшейту, тұрғындар арасында өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау жөнінде кең көлемде ақпараттық-түсіндіру іс-шараларын ұйымдастыру, әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сақтық шараларын тұрақты насихаттау қажеттігі айтылды. Әсіресе егін алқаптарында, шабындық жерлерде, табиғат аясында демалушылар арасында қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылауды күшейту тапсырылды.
Аудан басшысы табиғи және тұрмыстық өрттердің басым бөлігі адам факторынан туындайтынын атап өтіп, әрбір тұрғын қауіпсіздік талаптарын сақтауға жауапкершілікпен қарауы керектігін жеткізді. Отты абайсыз пайдалану, құрғақ шөпті өртеу, электр желілерін дұрыс қолданбау және балаларды қараусыз қалдыру секілді жағдайлар ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін екені ескертілді.
Айта кету керек, өрт қауіпсіздігі саласындағы қабылданып жатқан шаралар өз нәтижесін беруде. Дегенмен қауіптің толық сейілгенін білдірмейді. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2025 жылы Қазалы ауданында жалпы 32 өрт оқиғасы тіркелген болса, 2026 жылдың алғашқы алты айының өзінде 15 өрт оқиғасы орын алған. Бұл көрсеткіштер өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау бағытындағы жұмыстарды одан әрі күшейту қажеттігін көрсетеді.
Аудан әкімдігі алдағы уақытта да төтенше жағдайлардың алдын алу, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ауылдық жерлердегі өртке қарсы инфрақұрылымды дамыту және арнайы қызметтердің материалдық-техникалық әлеуетін нығайту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырады. Тұрғындардың қауіпсіздігі – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді. Сондықтан аудан көлемінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді жұмыстар тұрақты бақылауда болып, жауапты мекемелердің үйлесімді жұмысы одан әрі күшейтілетін болады.







