Қызылордада балалы отбасы жалдамалы пәтерден қуылмақ болған

2 509

Фото:©pixabay.comҚазақстанның Жоғарғы соты Қызылорда қаласында кәмелетке толмаған балалары бар әйелді жалдамалы тұрғын үйден шығару ісіне қатысты соңғы шешім шығарды,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі.

Кассациялық сот мемлекеттік сот орындаушысының жылыту маусымы аяқталғанға дейін атқарушылық іс жүргізуді тоқтата тұру туралы қаулысын заңды деп танып, төменгі соттардың шешімдерін өзгеріссіз қалдырған. 

Іс материалдарына сәйкес, Қызылорда қаласында әйел адам мен оның кәмелетке толмаған балаларын жалдамалы тұрғын үйден шығару жөнінде атқарушылық іс қозғалған. Мемлекеттік сот орындаушысы қолданыстағы заң талаптарын негізге ала отырып, жылыту маусымы аяқталғанға дейін атқарушылық іс жүргізуді уақытша тоқтату туралы қаулы қабылдаған.

 Алайда талап қоюшы – «Қазақстан Тұрғын үй компаниясы» АҚ бұл шешіммен келіспей, сот орындаушысының әрекетін заңсыз деп тануды және қаулының күшін жоюды сұрап, әкімшілік сотқа жүгінген. Компания өкілдері әйел адамның даулы тұрғын үйдің меншік иесі емес екенін, пәтерде жалдау шарты негізінде тұрып жатқанын алға тартып, тұрғын үйден шығаруды кейінге қалдыруға құқықтық негіз жоқ деп есептеген. Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар мемлекеттік сот орындаушысының әрекеттерін заңды деп танып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тартқан.

Соттар шешім қабылдау кезінде Бала құқықтары туралы конвенцияның талаптарын, кәмелетке толмағандардың құқықтары мен мүдделерін қорғау қағидатын, сондай-ақ ізгілік, әділдік және парасаттылық принциптерін басшылыққа алған. Кассациялық сот істі қайта қарап, атқарушылық іс кәмелетке толмаған балалары бар отбасыға қатысты қозғалғанын анықтаған.

Соттың түсіндіруінше, «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңға сәйкес, жылыту маусымы кезеңінде халықтың әлеуметтік осал топтарын, кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларды, сондай-ақ I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтарды жалғыз баспанасынан шығаруға жол берілмейді. 

Осыған байланысты заң мемлекеттік сот орындаушысына мұндай жағдайларда тұрғын үйден шығару туралы атқарушылық іс жүргізуді уақытша тоқтата тұру міндетін жүктеген. Сонымен қатар кассациялық сот тараптар арасында тұрғын үйді кейіннен сатып алу мүмкіндігі қарастырылған жалдау шарты болғанына назар аударған. Бұл отбасының аталған пәтерде ұзақ уақыт бойы тұрақты тұрғанын дәлелдейді. Сот алқасы атқарушылық іс жүргізуді тоқтата тұрудың уақытша шара екенін, оның сот шешімін орындауға кедергі келтірмейтінін және ең алдымен кәмелетке толмаған балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған заңнамалық кепілдік екенін атап өтті. Жоғарғы сот бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың шешімдерін өзгеріссіз қалдырып, «Қазақстан Тұрғын үй компаниясы» АҚ-ның талабын қанағаттандырудан бас тартқан.

OpenNews
ақпарат агенттігі
Заңды ақпарат

Басылым бетіндегі материалдарды пайдаланған жағдайда сілтеме жасалуы міндетті.

Ақпараттық өнім +18 жасқа толған және жасы одан жоғары адамдарға арналған.

Байланыс

Мәтінде қате таптыңыз ба?
Таңдап, оны белгілеп Ctrl + Enter басыңыз.

Әлеуметтік желілер

Copyright © 2010-2026. «OpenNews» - ақпарат агенттігі.