ҚЫЗЫЛОРДАДАҒЫ АУҚЫМДЫ ЖОБАНЫҢ АРТЫНДА ҚАНДАЙ ШИІКІЛІК БАР?
Қызылорда қаласының Сол жағалауындағы қуаты 40 МВт жылу қазандығына қатысты екі ресми дерек маңызды сұрақ туындатып отыр. Қызылорда қаласы құрылыс бөлімінің 2026 жылдың ІІ тоқсанындағы ресми есебінде жобаның жалпы құны 1 млрд 854,9 млн теңге екені, мердігері «Сәт Сервис» ЖШС екені көрсетілген. Сондай-ақ 2026 жылы бөлінген 166,9 млн теңгенің толық игерілгені және жобаның сәуір айында тапсырылғаны жазылған. Бұл туралы Opennews.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Ал Бірыңғай экологиялық порталдағы мәлімет бойынша дәл осы 40 МВт қазандық құрылысына қатысты жоба 1-16 қыркүйек аралығында қоғамдық экологиялық талқылауға шығарылған. Бастамашы ретінде «Қызылордажылуэлектрорталығы» көрсетілген. Осы жерде заңды сұрақ туындайды: егер жоба сәуірде тапсырылған болса, қыркүйекте қоғам нақты нені талқылап жатыр? Әзірге бұл жағдайды заң бұзушылық деп бағалауға негіз жоқ. Қыркүйектегі талқылау жобаға кейін енгізілген өзгерістерге немесе жеке экологиялық рәсімге қатысты болуы мүмкін. Алайда оны жауапты органдар нақты түсіндіруі тиіс. Өйткені сөз 1,85 млрд теңгеге жуық бюджет қаржысы жұмсалған нысан туралы болып отыр. Қоғам сәуірде нақты қандай құжат рәсімделгенін, нысан пайдалануға берілді ме, қыркүйектегі талқылау жобаның қай бөлігіне қатысты екенін білуге құқылы. Сондықтан Қызылорда қаласының құрылыс бөлімі мен облыстық энергетика саласына жауапты органдарға қойылатын басты сұрақ біреу: 1,85 млрд теңгелік қазандық сәуірде тапсырылған болса, экологиялық қоғамдық талқылау неге қыркүйекте өтіп жатыр?
Қаз
Рус






