ҚЫЗЫЛОРДАДА ҚАҢҒЫБАС ИТТЕР ҚАПТАП КЕТТІ

2 500

    Фото: Opennews.kz ЖИ Қызылорда көшелеріндегі қаңғыбас иттер мәселесі тағы да күн тәртібіне шықты. Бұған дейін де бірнеше мәрте көтерілген мәселе бүгінге дейін толық шешімін таппағанға ұқсайды, – деп хабарлайды Opennnews.kz ақпараттық агенттігі. 

     14 қыркүйек күні таңғы сағат 06:40 шамасында қала тұрғыны «Критика Кызылорда» Facebook тобына Ескі Болашақ аялдамасы маңындағы жағдайды жариялаған. Тұрғынның жазуынша, Абай даңғылындағы аялдама маңында он шақты ит жүрген.

 «Сәлеметсіз бе, мынау бүгін 14.09.2026 ж. Таңғы 6:40-та, Ескі Болашақтың аялдамасында, Абай көшесінде иттер автобусқа мінгізбеді. Үріп, 10 ит жүр», – деп жазған тұрғын.

     Жарияланымға қоса берілген суреттен де аялдама мен жаяу жүргінші жолының маңында бірнеше иттің еркін жүргенін көруге болады. Бұл – жай ғана көшеде жүрген жануарлар мәселесі ме, әлде адам қауіпсіздігіне қатысты мәселе ме?

     Таң сәріде жұмысқа, сабаққа немесе басқа шаруасына асыққан тұрғын аялдамаға келгенде, алдынан топтасқан иттер шықса, өзін қаншалықты қауіпсіз сезінеді?

     Әсіресе балалар мен қарттар үшін мұндай жағдай алаңдатарлық. Ең өкініштісі – бұл Қызылордада қаңғыбас иттерге қатысты алғашқы шағым емес. Opennews.kz бұған дейін де қала көшелеріндегі қаңғыбас иттер мәселесін көтерген болатын. Заң бойынша қаңғыбас иттерді аулау мен ұстауға қатысты арнайы тәртіп бар. Қызылорда облысында да иттер мен мысықтарды ұстау, серуендету, сондай-ақ қаңғыбас жануарларды аулау мәселесін реттейтін қағидалар бекітілген. 

     Бірақ тұрғынды қызықтыратын бір ғана сұрақ бар: бұл қағаздағы тәртіп көшеде қаншалықты орындалып жатыр?

     Егер тұрғындар күн сайын көшеде топтасқан иттерді көріп, әлеуметтік желі арқылы дабыл қағуға мәжбүр болса, онда мәселенің шешімі қайда?

     Бүгін аялдамаға жақындаған адамды иттер үркітсе, ертең жағдай бұдан да ауырламасына кім кепіл? Адамды ит қапқаннан кейін ғана әрекет етеміз бе?

     Қызылорда қаласының жауапты органдары осы аумақтағы жағдайға назар аударып, тұрғындардың қауіпсіздігіне қатысты нақты түсініктеме бергені жөн.

Өйткені көшеде еркін жүру – иттің емес, адамның құқығы. Ал тұрғындар болса мәселенің нақты шешілуін күтеді.

OpenNews
ақпарат агенттігі
Заңды ақпарат

Басылым бетіндегі материалдарды пайдаланған жағдайда сілтеме жасалуы міндетті.

Ақпараттық өнім +18 жасқа толған және жасы одан жоғары адамдарға арналған.

Байланыс

Мәтінде қате таптыңыз ба?
Таңдап, оны белгілеп Ctrl + Enter басыңыз.

Әлеуметтік желілер

Copyright © 2010-2026. «OpenNews» - ақпарат агенттігі.