ҚЫЗЫЛОРДАДАҒЫ ПЕРИНАТАЛДЫҚ ОРТАЛЫҚҚА ҚАТЫСТЫ ДАУ ШЫҚТЫ
Қызылордада үш баланың анасына қатысты әлеуметтік желіде жарияланған жазба жұртшылықтың қызу талқысына түсті. Бір тарап әйел дәрігерлердің әрекетінен кейін бес ай бойы жөргек қолдануға мәжбүр болғанын айтса, облыстық перинаталдық орталық бұл ақпаратты үзілді-кесілді жоққа шығарып отыр. Бұл туралы Opennews.kz ақпараттық агенттігі Botagoz Zhussiptegi парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Әлеуметтік желі белсендісінің жазуынша, әйел үшінші баласын босану үшін Қызылорда облыстық перинаталдық орталығына жоспарлы түрде жатқызылған. Оған жасанды толғақ шақырылып, кейін кесар тілігі жасалған. Арада екі күн өткенде жатырын шұғыл түрде алып тастауға тура келген.
Автордың мәлімдеуінше, кейін әйелдің қуығына байланысты асқыну пайда болған. Үйіне шыққаннан кейін ол өз бетімен зәр шығара алмай, содан бері бес ай бойы жөргек қолдануға мәжбүр. Туыстары бірнеше ай бойы мәселенің шешімін іздеген, енді жауапты мамандардың әрекетіне құқықтық баға беруді талап етіп отыр.
Алайда перинаталдық орталық мүлде басқа ұстанымда. Мекеме «қуығын тесіп, үйіне шығарып жіберді»- деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын ресми түрде мәлімдеді. Орталық өкілдерінің айтуынша, әйелдің денсаулығы дәрігерлердің бақылауында. Ал нақты медициналық мәліметтерді дәрігерлік құпия талабына байланысты жария ете алмайтынын жеткізді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы шағымды назарға алғанын хабарлап, тұрғындарды басқарма басшысының қабылдауына келуге шақырды. Басқарма шұғыл жағдайда азаматтарды кез келген уақытта тыңдауға дайын екенін де атап өтті.
Мәселенің түйіні де осында. Бір тарап «әйел бес айдан бері зардап шегіп жүр» десе, екінші тарап «ондай жағдай болған жоқ» дейді. Екі пікірдің арасындағы алшақтық тәуелсіз әрі ашық тексеруді қажет етеді.
Егер дәрігерлердің кінәсі жоқ болса, бұл нақты медициналық қорытындымен дәлелденуі тиіс. Ал заң бұзушылық анықталса, оған тиісті құқықтық баға берілуі керек. Өйткені бес ай бойы жалғасып келе жатқан жанайқайды «ондай болған жоқ» деген бір ауыз сөзбен жауып тастау мүмкін емес.
Тағы да оқыңыздар

Қаз
Рус





