ӘКІМДІК «БІТТІ» ДЕЙДІ, ПРЕЗИДЕНТ «КЕШІКТІ» ДЕЙДІ: ҚЫЗЫЛОРДАДА ҚАЙ ЖОБА АҚСАП ТҰР?
Қызылордадағы энергетикалық жобаларға қатысты ресми ақпараттарды қатар оқысаңыз, қарапайым сұрақ туады. Жұртшылық қай мәлімдемеге сенуі керек? Жергілікті билік таратқан «мерзімінен бұрын аяқталды» деген сүйінші хабарға ма, әлде Президенттің жаңа қуаттарды іске қосу мерзімдері кейінге шегеріліп жатқаны туралы сынына ма?
28 қазандағы Жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазір де Түркістан, Қызылорда, Алматы және Екібастұздағы жаңа генерация қуаттарын іске қосу мерзімдері кейінге шегеріліп жатыр», – деді. Бұл мәлімдеме Қызылорда облысының әкімдігі мен Энергетика министрлігінің бұған дейінгі есептеріне қайта үңілуге негіз болып отыр.
Энергетика министрлігі 2025 жылғы 29 қазанда «Қызылордада 240 мегаваттық бу-газ қондырғысының құрылысы аяқталуда» деген хабарлама жариялаған. Онда вице-министр Сұңғат Есімхановтың құрылыс барысымен танысқаны, газ турбиналары корпусында іске қосу-баптау жұмыстары жүріп жатқаны және әкімдікпен, инвесторлармен нысанды пайдалануға беру мәселелері талқыланғаны айтылған. Бірақ құрылыстың нақты қай күні толық аяқталатыны көрсетілмеген.
Ведомствоның нысанға барғанын білеміз. Ал сол сапардан кейін қандай міндет қойылып, оның қалай орындалғанын жұртшылық қайдан біледі?
Жергілікті атқарушы органдардың ресми хабарламасындағы тұжырым бұдан да батыл. Gov.kz порталындағы «Қызылордадағы жаңа жылу-электр орталығында электр энергиясы өндірілуде» атты материалда нысанның құрылысы аяқталып, іске қосылғаны жазылған. Тіпті «Облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен құрылыс мерзімінен бұрын бітті» деп көрсетілген.
Ендеше, мерзімінен бұрын біткен нысан мен Президент айтқан кешігудің арақатынасы қандай?
Бұл жерде жауапты органдар нақты түсініктеме беруге тиіс. Жолдауда Қызылордадағы қай жоба, оның қай кезеңі немесе қандай қуаты туралы айтылды? Егер әңгіме осы 240 мегаваттық станция жөнінде болса, «мерзімінен бұрын бітті» деген ресми мәлімдеме нені білдіреді? Ал басқа жоба туралы болса, оның атауы, бастапқы кестесі және кейінге шегерілу себебі ашық көрсетілсін.
Президенттің сынынан кейін Жолдаудың маңызын түсіндіретін кезекті жиын өткізу жеткіліксіз. Сол сында аталған мәселенің өзіне жауап беру керек.
Жұртшылыққа станция туралы жақсы хабар ғана емес, оның нақты жағдайы туралы толық ақпарат қажет. «Мерзімінен бұрын бітті» деген есептің салмағы да өндірілген қуатпен және орындалған міндеттемемен өлшенуге тиіс.
Қаз
Рус






