"Қашып кетпеуіне кім кепіл":..

297
Жер комиссиясының мүшелері бүгінде шет елдің азаматтығын алған жер иеленушілердің әрекетіне алаңдаулы. Шетелдік банктерге кепілге қойылған ауыл шаруашылығы жерлері де аз емес. Қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан үкімет күмәнді келісімшарттарды біржақты бұзып, ол жерлерді мемлекет меншігіне қайтаруы қажет деп санайды.

Қазақстан фермерлер одағының төрағасы Жигули Дайрабаевтың айтуынша, бүгінде ауыл шаруашылығы жерлерін кепілге қойып, несиеге қыруар ақша алған адамдар аз емес. Ал олардың ішінде Қазақстан азаматтығынан шығып кеткендер де бар. 

"Жер шетелдіктерге берілмесін!" деп дабыл қағып жүргенде қазіргі жер пайдаланушылардың Қазақстан резиденттігінен шығып, шетел азаматтығын алып жатқанын байқамай қалдық. Өкінішке қарай, ондай фактілер бар. Жақын арада тиісті материалдарды комиссия назарына ұсынамыз. Олардың қолындағы мыңдаған гектар жер телімін банкке кепілге қойып, қыруар қаржы алып, кейін қайтара алмай, шетелге қашып кетпеуіне кім кепіл?", – деді Дайрабаев жер комиссиясының бірінші отырысында. 

Қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан да кепілдікте тұрған жер мәселесін көтерді. Оның сөзінше, шетелдік банктерге салынған ауыл шаруашылығы жерлері де бар. 

"Өкінішке қарай, мыңдаған, миллиондаған жерлер банктерде кепілде тұр. Әсіресе, шетелдің банктерінде кепілде тұрған жерлер мәселесі – үлкен проблема. Меніңше, үкімет осы келісімшарттарды біржақты бұзып, ол жерлерді мемлекет меншігіне қайтаруы қажет", – деп атап көрсетті Тайжан.