Алдағы жексенбі күні елордада автобустар қатынай ма

307
Алдағы жексенбіде елордада қалалық және қала маңына қатынайтын қоғамдық көліктер жүрмейді.
Қоғамдық көліктердің бір күнге тоқтатылуының өз себебі бар. Нақтырақ айтсақ, автобустарда бір күн дезинфекциялық жұмыстар жүргізу жоспарланып отыр. 

Нұр-Сұлтанның бас санитарлық дәрігері бекіткен қаулы талаптары осындай. 
Ал қалған күндері, яғни дүйсенбіден сенбіге дейін қоғамдық көліктер өз жұмысын әдеттегідей жалғастырады. 
Автобусқа бетпердесіз кіруге болмайды және төлем тек электронды жүйемен жасалады. 

Еске салсақ, бұған дейін елорданың бас санитарлық дәрігері әкімдікте өткен брифинг кезінде қандай жағдайда қалада карантин күшейтілуі мүмкін екенін айтқан еді. Шаһар 17 күннен бері коронавирус бойынша "қызыл" аймақта тұр.
 Сархат Бейсенованың хабарлауынша, қаладағы эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз. 

"Егер жағдай ушықса, онда әрине экономикалық нысандарда белгілі бір шектеу шараларын күшейту туралы қаулы шығарып, карантинді қатаңдату мәселесі қаралатын болады. Бұл мәселе қаладағы эпидемиологиялық жағдай ушықса ғана қарастырылады", - дейді ол. 

Одан бөлек, елімізде өткен тәулікте коронавирус жұқтырған тағы 1100 адамның анықталғаны белгілі болды. Соның 185-і Нұр-Сұлтаннан.
 Осылайша, қазіргі уақытта Қазақстанда COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар саны 237 300-ге жетіп отыр.