Ырысбала Икрамбай психологтар пен коучтарға шүйлікті

1 973
Белгілі блогер Ырысбала Икрамбай әлеуметтік желіде жеке курстарын ұйымдастырып, оны әйелдерге сататын психологтармен коучтарға қатысты пікірін білдірді, - деп хабарлайды "Opennews.kz"  ақпарат агенттігі.


 “Менің өмірім” бағдарламасына сұхбат беруге келген блогер өз өмірін халық алдына жайып салды. Бала күнінде әкеден ерте қалған Ырысбала өмірдің ауыртпалығын бір адамдай арқалап, анам үшін сынақ пен сынға қатар тұрғанын жасырмай жария етті. Сонымен қатар, қайырымдылыққа қалай бет бұрғанын айтқан блогер көзіне жасала есіне түсірді. 

Айта кету керек, Ырысбаланың әлеуметтік желі арқылы баспанасыз жүрген жандарды қуантып жүрген жайы бар. Десек те, қоғамның ойын теріс бағытқа бұрып отырған түрлі психологтар мен коучтарды да тілге тиек етті.


“Ешкімнің атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын. Әлеуметтік желі жақсы, бірақ бұл оның кері тұстары жоқ деген сөз емес. Сол желі арқылы біз қаншама қазақты баспаналы қылып жатсақ, бәз біреулер соншама халықтың аузын айға қаратып, өтірікті шындай, шынды Құдай ұрғандай етіп айтатын аңқау елге арамза молдалар қаптады. Өзінің күйеуге тигені кеше ғана, бірақ бүкіл әйелге апта сайын күйеуінен гүл алуды, махаббатқа бөленіп, “күйеуің көзін ашса да, жұмса да сені көретін қылып қоюды” үйретпек. Өзінің баласы тау қопарып, тас жарып жатқан жоқ, бірақ елдің баласын дұрыс тәрбиелеуге үйретеді. Енді біреуінің күйеуі де, енесі де жоқ. Бірақ сондайлар бір қауым әйелді бетіне қаратып, күйеуімен, енесімен дұрыс қарым-қатынас құруды үйретуге құштар. Солардың сөзіне сеніп, бала-шағасының аузынан жырып, бос сөзге бола ақша төлейтін әйелдерге қарным ашады”, – дейді Ырысбала ызаланып.

Оның айтуынша, ақыл-кеңесті көпті көрген ақжаулықты қазыналы қарттан, тіпті көпбаланы тәрбиелеп өсіріп отырған лайықта адамнан сұрау керек.


“Ақылды төрде отырған ақ жаулықты, алтын құрсақты, бір елді бетіне қаратып отырған балаларды тәрбиелеген, өмірдің ағы мен қарасын көрген адамнан сұра. Ол кісі ақыл айтса, жарасады. Арнасынан тасып жатқан не деген ақыл деп таңғаламын. Солардың не жеп ақылды болып жатқандарын түсінбеймін. Олар дұрыс дүние айтып жатса, құба-құп, тыңдайсың. Бірақ, “Балаңды емізгің келмесе, емізбе. Күйеуің баланы емізетін сүтана табуға міндетті” дегенді естіп қалдым. Еркек оны қайдан тапсын?! Енді біреуі: “Күйеуіңнің шұлығын жуығығ келмесе, жума. Болмаса, әйелдік қуатың төмендеп, өз бағаңды түсіріп аласың” дейді. Әйел болып күйеуіңнің шұлығын жумасақ, не үшін күйеуге тидік? Сонда біз кімді тыңдап жүрміз? Айтып жатқандары Батысқа барып оқып келіп, аударып бізге айтып отыр. Батыстың тәрбиесі біздің қазақтың тәрбиесіне келмейді”, – дейді блогер.

Ырысбала өзінің анасының да сондай адамдардың сөзіне еріп, сабақтарына қатысқысы келгенін айтқан.


“Өзінің 4-5 сағаттық сабағын 30 мың теңге бағалаған сондай әйелдердің бірі келетін бопты. Анам соған бармақ болған. Мен анама көп жерде қарсы шықпаймын. Бірақ сол кезде анама “Сіздің өзіңіз мотиваторсыз. Мен үшін сіздің өміріңіз мотивация. Сіз мен үшін идеал әйелсіз. 30 мың емес, 300 мың теңге берейін, қалағаныңызды алыңыз. Өзіңіз тау тұлға бола тұра оны қайтесіз?” деп анамның бетін бері қараттым”, – деді ол.




Бағдарлама жүргізушісі көпшілікке танымал Құралай ханымды меңзеп отырғанын сұрағанда, Ырысбала:
 
“Иә сол кісі ғой. Мен ол болсын, басқа болсын, өз басындағы қиындықты ақшаға сатқандардың бәріне қарсымын”, – деп ойын ашық айтты.