Әнші Мұрат Қожа ауыр дертке шалдыққан
“Нұрлан мен Мұрат” тобы арқылы танылған әнші Мұрат Қожа “Ұйқым келмейді” бағдарламасында ауыр дертке шалдыққан кезін еске алды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
“Алла сүйікті құлдарын сынайды дейді ғой. Кейде “Алланың назарында жүрмін ғой” деп жұбататын кездерім болды. Менің ауруымды ешкімге тілемеймін. Өлім мен өмірдің арасында арпалыстым. Аурулар болады, оны жеңе алмайтыныңды түсінесің. Мен түсініксіз аурумен ауырдым. Аяқ-қолым істемейді, диагнозы жоқ. Алматы, Астанадағы барлық дәрігерді араладық, диагнозын ешкім білмейді. Ақыры сырқатымды Аллаға табыстап, берілгендей болдым. Ол карантиннің кезі, имамдарға видеомен хабарласып, дұға оқып, дем салуларын сұрадым. Маған берілген үлкен сынақ екенін түсіндім, Аллаға жалбарындым. Өз қолыңмен ештеңе ұстай алмай, аяғыңмен жүре алмау өте қиын екен”, – дейді әнші.
Әнші Мұрат Қожа бұл дерттің өзіне көп нәрсені үйреткенін айтты.
“Алла адамға бір нәрсені түсіндіру үшін сондай сынақ беретін шығар. Мен әр нәрсенің қадірі білуд үйреткен ауру болды. Достың, ағайынның кім екенін көрсетіп, жұбайым мен бала-шағамның қадірін түсіндім. Екі жыл ауырдым. Сырқатымның емі Алладан”, – дейді өнер иесі.