Анара Батырхан қандай еңбегі үшін "Ерен еңбегі үшін" медалін алды?

2 517

Фото:  instagram/anarabatyrkhanРеспублика күніне орай әнші әрі блогер Анара Батырхан "Ерен еңбегі үшін" медалімен марапатталды. Бұл марапат әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу тақыланды. Tengri Life Мәдениет және ақпарат министрлігіне жүгініп, өнер иесі қандай еңбегі үшін мемлекеттік наградаға ұсынылғанын білді, - деп хабарлайды   Opennews.kz  ақпарат агенттігі.

Әлеуметтік желідегі қызу талқы

Анара Батырхан марапатталғаны туралы видео авторы ол мемлекеттік марапатқа қаншалық лайық екеніне күмән келтірген.

Видео 300 мыңнан аса қаралым жинады. Пікірде желі қолданушылары блогер марапатталуын қызу талқылады.

"Ол қандай еңбегі үшін бұл марапатты алды? Мемлекет үшін не істеді? Ән айтып, халықаралық байқауларда жеңіске жетті ме? Әлде стримде отырып, адамдардан донат сұрағаны үшін марапаттады ма?"

"Келісемін… Қалай болғанда да, көңілге қаяу түсіреді. Мен дәрігермін, еңбек өтілім 42 жыл болғанда ғана осындай марапат алдым".

"Күлеріңді де, жыларыңды да білмейсің! Ол мұндай құрметке қандай еңбегімен лайық болды? Нақты қандай үлес қосты, қандай жетістіктері бар? Өте қызық!"

Мәдениет комитеті не деді?

Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитетіне сауал жолдадық. Комитет өкілдері "Ерен еңбегі үшін" медалі экономика, әлеуметтік сала, ғылым, мәдениет және мемлекеттік қызметтегі жетістіктері үшін берілетінін хабарлады.

Мемлекеттік наградалармен марапаттау тәртібі заңмен және арнайы нұсқаулықпен реттеледі. Комитет өкілдері мына талаптарды еске салды:

Заңның 4-бабына сәйкес кандидатты мемлекеттік органдар, шығармашылық одақтар және басқа да ұйымдар марапатқа ұсына алады. Сондай-ақ, үміткерді еңбек ұжымы да ұсынуға құқылы;

Мемлекеттік наградаларға ұсыну және оларды тапсыру тәртібі туралы нұсқаулықтың 4-тармағына сәйкес әр үміткерге марапаттау парағы толтырылады. Онда еңбек жолы, нақты еңбегі, кәсіби жетістіктері, жұмысының тиімділігі мен сапасы туралы мәлімет көрсетіледі;

бұл талаптар қызмет саласына қарамастан барлық үміткерге бірдей қолданылады;

заңның 7-бабына сәйкес Қазақстанда Мемлекеттік марапаттар жөніндегі комиссия жұмыс істейді. Комиссия үміткерлерді алдын ала қарап, марапаттау туралы ұсыныстар әзірлейді.

"Нұсқаулықтың 10-тармағында комиссия шешімдеріне түсініктеме берілмейтіні белгіленген. Сондай-ақ, жеке және заңды тұлғалардың сұрауы бойынша мемлекеттік марапаттармен марапаттау туралы ақпаратты, соның ішінде марапатталған адамдардың марапат парақтарын беруге шектеу қарастырылған", – деді ведомство өкілдері.

Комитет өкілдері Анара Батырхан 2014 жылдан бері мәдениет саласында еңбек етіп келе жатқанын мәлімдеді. Ол музыкамен айналысады, киноға түседі және тележүргізуші болып жұмыс істейді. Ведомство мәліметінше, ол музыкалық жобаларға қатысып, қазақстандық музыканы насихаттауға үлес қосып жүр.

"Оның кандидатурасы заңнамада белгіленген тәртіппен "Ерен еңбегі үшін" медалімен марапаттауға ұсынылды", – деді комитет өкілдері.

Анара Батырхан туралы не белгілі?

Анара Батырхан - қазақстандық әнші, актриса, тележүргізуші әрі блогер. Ол бала кезінен вокал және бимен айналысқан.

Ол музыкалық мансабынан бөлек, киноға түсіп, телевизиялық жобаларға қатысады. Instagram парақшасына 2,6 миллион адам жазылған. Ал Spotify платформасында әншінің ай сайынғы тыңдарманы шамамен 4,9 мың болса, Яндекс Музыкада 23,5 мыңға жуық.

Айта кетейік, желтоқсанда әлеуметтік желіде "Дос-Мұқасан" ансамблінің солисі Мұрат Құсайыновта "Қазақстанның халық әртісі" атағы жоқ екені қызу талқыланған еді. Желі қолданушылары бірнеше буын білетін әндердің орындаушысы бұл атақты әлі күнге дейін неге алмағанына таңғалды.

Сол кезде министрлік Құсайынов, шынында да, халық әртісі емес екенін растады. Ведомство оған бұл атақты беру туралы өтініш түспегенін мәлімдеді. Дегенмен музыканттың басқа мемлекеттік наградалары мен құрметті атақтары бар.

OpenNews
ақпарат агенттігі
Заңды ақпарат

Басылым бетіндегі материалдарды пайдаланған жағдайда сілтеме жасалуы міндетті.

Ақпараттық өнім +18 жасқа толған және жасы одан жоғары адамдарға арналған.

Байланыс

Мәтінде қате таптыңыз ба?
Таңдап, оны белгілеп Ctrl + Enter басыңыз.

Әлеуметтік желілер

Copyright © 2010-2026. «OpenNews» - ақпарат агенттігі.