Танымал әнші Мөлдір Әуелбекова «Мамский әңгіме» подкастында қонақта болып, екі некесі туралы ашық сұхбат берді. Сұхбат барысында әнші екінші күйеуінен айырылысқан сәтте суицид жасамақ болғанын айтты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Өнер иесі екі рет тұрмыс құрып, ажырасқан. Қазірде ұл мен қыз тәрбиелеп отыр.
Әуелбекова алғашқы күйеуі 5 айлық баласымен тастап кеткенін сөз қылды.
«2015 жылы тұңғышымды дүниеге әкелдім. Ол кезде 30 жаста едім. 3 сағаттың ішінде баламды қолыма алдым. 3 күннен кейін перзентханадан шықтым. Бәрі табиғи жолмен болды. Бірақ омырау сүтін беруден өте қатты қиналдым. Дене қызуым көтеріліп кете берді. Екі балам да қатты жылады. Тынымсыз болатын. Ол маған әсер етті. Жүйкем тозып, қатты салмақ тастадым. Бойым – 172 см, салмағым – 49 келі болды. 5 айлық болғанда әкесі тастап кетті. Негізі, айтқым келмейді. Бізді де ене мен келін тақырыбы айналып өтпеді. Одан кейін ерлі-зайыпты болсақ та, екі қалада өмір сүрдік. Ол – Көкшетауда, мен – Астанада болдым. Қазір біраз уақыт өтіп кетті. Ол кісінің де жеке өмірі бар. Сондықтан өткенге оралғым келмейді, - деді әнші.
Әнші екінші күйеуімен карантин кезінде танысып, бір аптаның ішінде үйленуге шешім қабылдаған.Әуелбекова екінші рет шариғат бойынша тұрмысқа шыққан. Алайда күйеуінің төртінші әйелі болғанын білмеген. Ақыры жүктілігінің 8 айында кетіп қалған. Осыдан кейін әнші суицид жасамақ болыпты.
«Екі некемді де сәтсіз деп айтпаймын. Тағдырыма ризамын. Екі балам бар. Тәтті қызым бар. Қызымның әкесімен пандемия кезінде таныстық. Ол кезде намаз оқып, жүрегінде иманы бар жігітті жолықтырсам деп ойладым. Баламның әкесі діннен алыс еді. Намазхан болу – жігітке қоятын бірінші талабым. «Маған ешқандай жамандық жасамайды, баласын тастамайды» деп ойладым. Шариғат бойынша тұрмысқа шықтым. Имамды да үйге шақырып, неке қидырдық. Күйеуімнің артында тұрып, намаз оқу – арманым еді. 20 жылдан бері танитын досымыз араласып, нөмер алмастырып, жеңгетайлық жасады. Қажылыққа бірнеше рет барған деген сөзіне сендім. Балама көзқарасы жақсы болды. Қызын да әлі күнге дейін іздеп отырады. Сөйтіп, әкемнің алдынан өтіп, мені баламмен бірге алып кетті. Бірақ отбасылық өміріміз ұзаққа созылмады. Қызыма 8 айлық жүктілігімде кетіп қалдым. Ол жерде ұлым екеуіміз жалғыз қалдық. Мен күйеуімді дұрыс танымай шығыппын. Ол туралы ақпарат іздегенде де маған жалған мәлімет келген. Сөздің шыны керек, төртінші әйелі екенімді білдім. Содан күйзеліске түстім. Күйеуім өзінің отбасы мен бала-шағасына кетіп қалады. Мен баламмен жалғыз қалдым. Әке-шешемді жерге қараттым деп ойладым. Тіпті, суицидке баруға да қадам жасадым. 16-қабаттан секіріп кеткім келді. Үйге «Назар» тобымдағы Еркежан келіп қалып, ойымды бөліп жіберді. Заңды неке болмады. Мұның бәрін не үшін айтып жатырмын, басқа қыздарға да сабақ болсын деп жасырмай отырмын», - деді Мөлдір Әуелбекова.