Қабатовтың тоқалы өзін қаралағандарды сотқа тартқан
Адвокат Дильназ Мұхамедова танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың жары Айманға қатысты әлеуметтік желілерде тараған тіл тигізу мен жалған ақпараттарға байланысты бірқатар істің сотта қаралып жатқанын мәлімдеді,- деп хабарлайды "Opennews.kz" Sn.kz порталына сілтеме жасап.
Заңгер Instagram парақшасында ар-намыс пен қадір-қасиетті қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы жазды.
Оның мәліметінше, қазіргі таңда бұл бағытта барлығы 11 іс тіркелген. Соның ішінде бірқатары бойынша сот шешімі шығып үлгерген.
Сонымен қатар азаматтық істер бойынша да моральдық өтемақы өндірілгені белгілі болды. Қалған істер әлі де қаралу үстінде.
Адвокаттың айтуынша, анонимді немесе жалған аккаунт арқылы жазылған пікірлер де жауапсыз қалмайды. Сот сұраулары арқылы автордың жеке басын анықтауға болады. Осыған байланысты әлеуметтік желі қолданушылары жалған ақпарат тарату мен қорлау заң алдында жауапкершілікке әкелетінін естен шығармауы тиіс.







